
Үздік географтар
Өткен аптада озат оқушыларымыз IGeO–2025 халықаралық география олимпиадасында тарихи жетістікке қол жеткізіп, төрт медальды жеңіп алды. Таиландта өткен бұл байқаудың нәтижесінде біздің балалар екі алтын, екі күміс медальды олжалап, аталған сайысқа қатысқан 47 мемлекеттің арасында жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді.
Бұл – үлкен жетістік. Қарағанды облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Талғат Байбосынов пен Қостанай облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Андрей Енбахтов алтыннан алқа тақса, Ақтөбе облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әлихан Қалмағамбетов пен Жетісу облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Болат Ақжол күміс медальға қол жеткізіп, ел мерейін асқақтатты. Оларға жетекшілік еткен – Халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары Абай Дүйсен мен Рустам Уәлиев. Сайыстың барлық кезеңіне ұлттық құраманы дайындауды Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырды.
Айта кетейік, Қазақстан IGeO олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында біздің оқушылар 5 алтын, 4 күміс және 7 қола медальды жеңіп алған.
Информатика мықтылары
Боливияның Сукре қаласында өткен IOI–2025 халықаралық информатика олимпиадасында озат оқушыларымыз төрт медальға қол жеткізіп, 87 мемлекеттің арасынан жалпыкомандалық есепте 14-орынның тұғырынан көрінді.
Екі кезеңнің қорытындысында Қазақстан құрамасы үш күміс, бір қола медальды қанжығалады. Атап айтар болсақ, Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әкежан Асқар, Алматы қаласындағы физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Максим Цой, Қызылорда облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Мансұр Мамадахунов екінші орынға ие болса, Алматы қаласының №165 мамандандырылған мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Даужан Бекетов қола медальға қол жеткізді. Құрама жетекшілері – Astana IT University-дің бас жаттықтырушысы Темірлан Сатылханов және Алматы IITU университетінің спорттық бағдарламалау бойынша жаттықтырушысы Айбар Қуанышбай.
Айта кетейік, Информатикадан халықаралық олимпиада (IOI) алғаш рет 1989 жылы Болгарияда өткізілді. Ұлттық құрама бұл беделді жарысқа 1998 жылдан тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында біздің оқушылар барлығы 75 медальды жеңіп алды.