
Абай облысы әкімдігі, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен ақыл-ой додасына еліміздің 10 өңірінен 1 080 адам қатысты. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Атырау, Абай облыстарынан 180 команда өзара бақ сынасты. Бұл көрсеткіш Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) «Ең ауқымды интеллектуалды сайыс» ретінде тіркеуге ұсынылды.
«Абай Арена» көпфункционалды мәдени-спорт кешенінде өткен зияткерлік сайыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, ойыншыларға сәттілік тіледі.
– Айтулы іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ойыншылардың қатысуы – еліміздегі интеллектуалды ойындар тарихындағы ерекше оқиға. «Абай QUIZ» – тек білім сайысы ғана емес, жас буынның ұлттық танымын, ой-өрісін кеңейтетін, интеллектуалды әлеуетін арттыратын бірегей және дәстүрлі алаңға айналатынына сенеміз, – деді ол.
Зияткерлік сайыс 7 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде Абай мұрасы мен әр түрлі салаға байланысты тақырыптар қамтылды. Ойын барысында қатысушылар ой ұшқырлығы мен логикалық тапқырлығын сарапқа салды.
– Бүгінде ойнай отырып ойлай білетін орта қалыптасып келеді. Ол – заманауи әрі креативті ойлайтындар. Қазір елімізде қазақша куиз көпшілікке таныла бастады. Мысалы, Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Семей секілді қалаларда жақсы дамыған. Дейтұрғанмен, үлкен қалаларда куиздердің көбі орыс тілінде өтеді. Қазақ тілінде өтетін куиз санаулы, әлі де аз. Осы ретте, отандық куиз тарихында мұндай көп ойыншы қатысқан сайыс бірінші мәрте болып отыр. Мұның Абай тойында ұйымдастырылуының да рәміздік мәні бар, – дейді куиздің авторы әрі жүргізушісі Мерей Ермұханов.
Осындай креативті орталарда қазақтілді қатысушылар көптеп төбе көрсете бастауына үлес қосып жүрген өскемендік әріптесіміз Дарын Нұрсапаровтың айтуынша, «Абай QUIZ» ойынының ұйымдастырылу деңгейі жоғары.
– Талай куиз ойындарын ұйымдастырушы-автор әрі ойыншы ретінде мұндай мың адам қатысқан үлкен сайысты алғаш көруім. Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Орындар да ерекше орналастырылған. Алғаш «Абай Арена» мәдени-спорт кешеніне кіріп келгенде, залға лық толған ойыншыларды көріп қайран қалдық. Атмосфера ерекше болды. Біз де шығыстан мықты командаларымызды әкелдік. 180 команда қатысқан ой жарысында үздік ондыққа «Tas Talqan» командамыз енді. Мысалы, біздің Шығыс Қазақстан өңірінде әр куизде 50 команда қатысады. Алда бұл рекордты жаңартамыз деген ойдамыз, – дейді ол.
Айтулы сайыста «Brainstorm» командасы (Астана) – І орын (1 000 000 тг), «Алматы Микс» командасы (Алматы) – ІІ орын (800 000 тг), «Тұрақсыз тіркестер» (Семей) командасы ІІІ орынды (600 000 тг) иеленді. Ал жүлделі IV–V орын (400 000 тг), VI–X орындарға (200 000 тг) «A team», «Борт №1», «Жебе» (Павлодар), «Quiz on AIR», «Tas Talqan» (Өскемен), «Ығай мен Сығай», «Кірпі Шешен» (Семей) табан тіреді. Жалпы жүлде қоры – 4 700 000 теңге. Сонымен қатар үздік командаларға «Үздік студенттік команда», «Үздік ұжым», «Үздік аудан командасы», «Ең креативті команда», «Үздік образ», «Үздік талпыныс», «Қара сөз жүлдесі» деген арнайы аталымдар тағайындалып, оларға да ақшалай сыйлық табыс етілді.
– Абай елінде қазақша зияткерлік ойын біршама дамып келеді. Ал бұл жолғы «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік сайысы – Абай тойындағы ерекше тарихи сәттердің бірі болды деп білеміз. Сайысқа бақылаушы әрі қазылық жасауға 30-дан астам маман және 60 волонтер атсалысты. Ойынды тамашалауға 300-ден астам көрермен келіп, жалпы 1500-ге жуық адам қатысты. Абай облысының әр ауданынан, жоғары оқу орындарынан, мектептерден, мекемелерден командалар жиылды. Сайысқа қатысқан барша ойыншыларға, әсіресе, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға облыс атынан алғыс білдіреміз, – деді ұйымдастырушылар атынан Қуаныш Молдақашев.
«Абай QUIZ» зияткерлік ойыны жеті негізгі кезеңнен тұрады, олардың әрқайсысы Абай мұрасын, ұлттық тарих пен әдебиетті, логикалық ойлауды талап етеді. Ойын барысында арнайы концерттік бағдарламалар мен музыкалық үзінділер көрсетілді. Сонымен бірге қонақ командалар үшін Семей қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасалып, кешкі ас және мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.
Абай облысы