Аймақтар • 01 Тамыз, 2025

Қайтарылған қаржының игілігін халық көреді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Әлеуметтік әділдікті орнатып, заңсыз иемденген қаражатты мемлекет меншігіне қайтаруды көксеген заң аясында Жамбыл өңірінде біршама жұмыс атқарылды.

Қайтарылған қаржының игілігін халық көреді

Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен прокуратура қыз­мет­керлері бірінші кезекте шал­ғай ауылдардағы ауызсу және меди­циналық нысан мәселесін шешуге басымдық беріп отыр. Нақтырақ айтсақ, шалғайдағы ауылдардың өзекті проблемаларын дер кезінде шешу – басты мақсат.

Біршама уақыт бұрын Жамбыл облысының прокуроры Нұр­ғалым Әбдіров Қордай ­ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылында бой көтерген жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысып, заңсыз қолды болған активтерді қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы хабардар етті. Оның айтуынша, қайтарылған активтер есебінен 19 ауызсумен қамтамасыз ету және денсау­лық сақтау нысанының құры­лысы қаржыландырылған. Бұл бағыт­тағы жұмыс алдағы уақытта да қарқынды түрде жүргізілмек.

«Прокуратура органдары тарапынан заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыс ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Жамбыл өңірінде қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік ма­ңызды инфра­құрылымды дамыту бойын­ша тиісті іс-шаралар қа­был­­данды. Бірқатар нысанның жұ­мысы жүйелі жүргізіліп жа­тыр. Оның жарқын мысалы – ме­дициналық көмекпен шал­ғай ауылдарды қамту. Өйткені шалғайдағы ауыл тұрғындары бірінші кезекте медициналық нысан керек екенін алға тартып отыр», дейді ол.

сми

Президент бастамасымен қолға алынған жұмыстың шарапатын Жамбыл ауданына қарасты Жаңаөткел ауылының тұрын­дары да сезініп отыр. Жылдар бойы ­таза судың тауқыметін тартқан елді мекен тұрғындары атқарыл­ған жұмысқа дән риза. Өйткені таяуда аталған ауылда сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды. Жаңа нысан іске қосылғанға дейін жаңаөткелдіктер ауызсумен қамтылмаған еді. Қайтарылған активтер есебінен атқарылған жұмыстың арқасында елді мекен­дегі 260 тұрғын ауызсудың азабынан құтылды.

Жалпы алғанда, өңірде қайта­рылған активтер есебінен ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқаны мәлім. Бір­шама уақыт бұрын өңірдің бірнеше ауданында шағын елді мекендерді ауызсумен қамту үшін нақты жұмыс басталып кетті. Мәселен, мамыр айының аяқ тұсында іргедегі Байзақ ауданына қарасты Жалғызтөбе ауылдық округіндегі Төрткөл елді мекенінде су құбыры желілері мен су жинау нысанын салу жұмысы басталды. Ресми дерек­ке жүгінсек, жобаны жүзеге асыру арқылы шағын ауылдағы 274 тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мүмкіндігі тумақ.

Бұған қоса Шу ауданына қарас­ты «Горгаз» шағын ауданын сапалы ауызсумен қамту бойынша да нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану мақсатында Шу ауданында 5 ауызсу жобасын іске асыру үшін қаражат берілген. Қазіргі кезде 3 жобаның жұмысы басталған.

Қордай ауданына қа­расты Үлкен Сұлутөр ауылын­да пай­далануға берілген медицина­лық нысан қызметкерлері алғаш­қы дәрігерлік және дәрігерге дейін­гі көмек көрсетуге қау­қарлы. Амбулатория заманауи меди­циналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда физиотерапия, оңалту және ЭКГ кабинеттері бар. Бұған дейін ауыл халқы 1959 жылы пайдалануға берілген ескі ғимаратқа барып жүріпті.

Қалай десек те, шалғайдағы ауыл тұрғындары қайтарылған активтің пайдасын көріп отырғаны анық. Өйткені құзырлы мекеме қызметкерлері алдымен алыстағы ағайынға қажетті әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріп отыр. Бұл жұмыс жыл бойы жүргізілмек.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

«Таза Қазақстан» • Кеше

Онлайн сайлау жүйесі

Ғалам ғажаптары • Кеше

Қан алатын робот

Ғалам ғажаптары • Кеше

Апаттан аман қалған балалар

Ғалам ғажаптары • Кеше

«Сарығыз» тазы көрмеге барады

Мәдениет • 01 Тамыз, 2025

Даңғыл көпір

Мереке • 01 Тамыз, 2025

Абай тойы басталды

Абай • 01 Тамыз, 2025