Кино • Кеше

«Каракуз фильм» фестиваліне отандық фильмдер ұсынылды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Татарстан Республикасының Альметьевск қаласында «Каракуз фильм» халықаралық кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – ТМД елдері мен Орталық Азия кеңістігінен келген режиссерлер мен продюсерлер үшін маңызды мәдени оқиғаға айналған ерекше іс-шара. Биылғы фестивальге Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Ресейдің түрлі өңірлерінен 30-дан астам фильм ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Каракуз фильм» фестиваліне отандық фильмдер ұсынылды

Фестиваль шымылдығы елімізде түсірілген «Шатырдағы екеу» фильмімен ашылды. Картина Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильмді көпшілікке таныстыру мақсатында продюсер Әлия Шәріпбаева арнайы барып, шығармашылық кездесу өткізді. Ол көрермендермен ашық әңгіме құрып, түсірілім барысындағы ерекше сәттерді бөлісті.

«Шатырдағы екеу» – жас режиссер Гүлшат Смағұлованың дебюттік толықметражды туындысы. Фильмде тағдыры күрделі жас жігіт Дамир мен аутизмге шалдыққан жасөспірім Костя арасындағы достық пен өзара түсіністік суреттеледі. Картина инклюзивті қоғам құрудың маңызын, ерекше балалардың әлеуметпен байланыс орнатудағы қиындықтарын нәзік әрі шынайы жеткізе білген.

Фестиваль аясында көрермен назарына ұсынылған тағы бір отандық туынды – «Қажымұқан» фильмі. Картина француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолына арналған. Тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлттық рухты көтерудегі рөлі, халықаралық ареналардағы жеңістері мен халық арасындағы орны фильм барысында кеңінен көрініс тапты. Бұл туынды – жастарға үлгі боларлық, тәрбиелік мәні зор рухани еңбек.

Айта кетейік, «Каракуз фильм» кинофестивалі дәстүрлі байқау форматынан өзгеше. Мұнда үздіктерді кәсіби қазылар алқасы емес, көрерменнің өзі дауыс беру арқылы анықтайды. Фестиваль бағдарламасында алты негізгі номинация қарастырылған: «Үздік көркем фильм», «Үздік деректі фильм», «Үздік анимациялық фильм», «Үздік қысқаметражды фильм», «Балалар көзайымы жүлдесі» және «Каракуз фильм» Гран-приі. Сонымен қатар, бес арнайы жүлде де табыс етіледі.