Медицина • Кеше

Ақ халаттыларға араша

140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары адам жанының арашашысы ақ халаттылардың  басына жиі бұлт үйіріліп жүр. Ауруханаға азаматтар ауру жанына батқан соң баратыны анық. Десе де қандай жағдайда да маманға, түптеп келгенде адамға қол көтеруге болмайтыны көпшіліктің есінен шығып кетіп жатады, деп жазады Egemen.kz.

Ақ халаттыларға араша

Фото: egemen.kz/Қырмызы Жұмағалиқызы

Енді дәрігерге қол көтергендер сотталады

Кейінгі 5 жылда Қазақстанда 170-ге жуық дәрігер соққыға жығылған. Былтырдың өзінде  Павлодарда жедел жәрдем қызметкеріне қол көтеру оқиғасы, Атырауда  20 жастағы азаматтың фельдшерді соққыға жығуы сынды жағдайларды жалғай беруге болады. Сонда қоғам тәртіпсіздікке тұсау салу қажет екенін айтқан. Желіге жарияланбай, елге естілмей жатқан оқиғалармен қоса, Қостанайда хирургтың зардап шегуі қордаланған мәселеге қозғау салды. Бұл жолы ақ халаттыларға Президенттің өзі араша түсті. Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Үкіметке тапсырма берді. Енді  өзгенің өмірі үшін арпалысатын азаматтардың алаңсыз жұмыс атқаруы үшін құқық бұзушыларды 2 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделіп отыр. Тартқатсақ, ақ халаттыларға шабуыл жасағандар 2-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Төтенше жағдайда жасалған әрекеті үшін 10 жылға дейін, осы әрекет бірнеше рет қайталанса  15 жылға сотталады.

«Заңнамадағы өзгерісті қуанышпен қабылдадық» 

Атырау облыстық фтизиопульманологиялық орталығы директорының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Марат Шуақбаев бұл жаңалықты кәсіби қауым қуанышпен қарсы алғанын айтты.

ыы

«Пациенттердің наразылығы кейде медицина қызметкерлеріне қол көтеруге дейін барады. Мұндай жағдайда медицина қызметкерлері кінәлі деп біржақты шешім шығаруға болмайды. Медицина саласындағы ұйымдастыру мен бұған дейінгі заң талаптарының осалдығы көптеген инциденттерге соқтырды. Ал әлеуметтік желіде хирург дәрігеріне қол жұмсағаны өте өрескелдік деп ойлаймын», деген фтизиопедиатр 37 жылдық еңбек өтілінде өзі де осындай өміріне қауіп төндірген жағдаймен бетпе-бет келген. «Ауылда жұмыс істеп жүргенде психикалық ауытқуы бар пациенттің балта ала жүгірген кезі де болды. Пациенттермен, олардың жанашырларымен арада түрлі кикілжіңдер туғанда Заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Президент тапсырмасы осы өзекті мәселеге бағытталғанын толық құптаймын», деді Марат Шуақбаев.

Ал алматылық инфекционист-дәрігер, педиатр Амангүл Жолмырзақызы науқастың өмірін сақтау үшін тәулік бойы еңбек етіп жүргенде дәрігердің агрессияға, қысымға, тіпті физикалық қауіпке ұшырауы ешбір ақтау мен ақылға сыймайтынын алға тартады.  15 жылдан бері медицина саласында маңдай терін төгіп жүрген инфекционист-дәрігердің де  денсаулығына қауіп төнген сәттер аз болмапты.

ыы

«Бұған дейін стационарларда қызмет етіп жүргенде қабылдау бөлімшесінде мұндай келеңсіздіктер жиі кездесетін. Түнгі уақытта балалардың қызуы көтеріліп, жедел жәрдеммен келген ата-аналар қатты күйзелісте болады. Көбі медициналық көмекке кезек күтуге сабырсыздық танытып, дауыс көтеріп, тіпті медицина қызметкерлеріне тіл тигізеді. Бұдан бөлек, ішімдік ішіп алған адамдардың мекемеге кіріп, есіктерді сындыруы, айқайлап бүлік шығарып, медицина қызметкерлерінің қорқыныш пен күйзеліске түсуіне себеп болатын жағдайлар да кездесті. Тіпті бір-екі рет пышақпен келген адамдардың болғаны медицина саласының мамандарына қандай қатер төнетінін дәлелдейді» деген пікірін ортаған салған инфекционист-дәрігер медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдың алдын алуда қолданылған барлық шара алдымен азаматтардың амандығының кепілі екенін атап өтті.

«Дәрігердің  де қадірі мен қауіпсіздігі қорғалу қажет»

Шымкенттік балалар невропатологы Балхадиша Мұхидинқызы дәрігер мен науқастың арасында кикілжің орнағанда қалай шешетінімен бөлісті.

«Бұл жағдай дәрігердің кәсіби міндетін адал атқаруына, тіпті науқасты емдеу процесіне кедергі келтіреді. Өз тәжірибемде кикілжің сәттері болғанымен, олардың барлығын сабырмен, түсіндіру арқылы шешуге барымды саламын. Науқас немесе туыстары агрессия танытса, алдымен олардың алаңдаушылығын түсінуге тырысамын, сосын нақты, дәлелді ақпаратпен тыныштандырамын. Әрбір сөзімізде этика мен мейірімділік болуға тиіс, бірақ дәрігердің де қадірі мен қауіпсіздігі қорғалуы қажет», деген дәрігер Президент тапсырмасынан кейін қоғамның дәрігерлерге деген көзқарасы оң арнаға бұрылатынына сенім білдірді.

Осы өңірдің тағы бір білікті маммолог дәрігері Айжан Нұрымова «бес саусақ бірдей емес» екенін ескеріп,  дәрігерлердің де халыққа қызмет етіп отырған тұлға ретінде құқығының тапталмағанын құп көреді. Сондықтан, Айжан Сәкенқызы дәрігер-науқас дауын шешу үшін екі тарап та мүдделі болу керек деп есептейді.

вв

«Әр науқастың қабылдауы әр деңгейде. Сондықтан дәрігер медициналық әрекетпен ғана емес сөзбен де адам жанын емдей білу керек деп есептеймін. Ал дәрігер қызметіне көңілі толмаса бұл келіспеушілігін заң шеңберінде шешуге кеңес беремін. Өзім 2008 жылдан бері осы салада қызмет ете жүріп, мұндай келеңсіздіктерге кезікпедім», деп ой түйді маммолог дәрігер.

Асылында да адам жаны, қоғам саулығы үшін қалтқысыз қызмет етіп жүргендердің де бас амандығы, жұмыстан кейін үйіне аман-сау оралуы маңызды мәселе. Ал күшейтілген заң талаптары -  саладағы сан сауалға саналы шешім болғаны сөзсіз.