Ғылым • Кеше

Жеміс-жидекті ұзақ сақтайды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азық-түлік өнімдерін ұзақ сақтап, сапасын жоғалтпай тұтыну – қазіргі ауыл шаруашылығы үшін өте өзекті мәселе. Әсіресе шалғайдағы фермалар мен егістіктерде жиналған жеміс-жидек, көкөніс пен ет-сүт өнімдері дер кезінде өңделмесе, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Осы мәселені шешу мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ерекше жаңалық ашты. Олар ауылшаруашылық өнімдерін ұзақ сақтайтын «Dayar 20» атты инновациялық қондырғы жасап шығарды.

Жеміс-жидекті ұзақ сақтайды

«Dayar 20» – сублимациялық немесе лиофилизациялық кептіру әдісіне негізделген шағын қондырғы. Ғалымдар оны тасымалдауға ыңғайлы етіп жасаған. Яғни фермерлер бұл қондырғыны өзімен бірге ала жүріп, тікелей егіс алқабында немесе ферманың өзінде-ақ өнімдерді кептіріп, сақтай алады. Сондықтан жаңа құрылғының арқасында өнімді қалаға жеткізіп, өңдеу орталығын іздеп әуре болудың қажеті жоқ.

Осы орайда «Лиофилизация дегеніміз не?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл – өнімді алдымен мұздатып, сосын төмен қысымда ішіндегі суды буландырып кептіру әдісі. Кәдімгі кептіруден айыр­машылығы – лиофилизация өнімнің түсін, дәмін, иісін, пішінін, ең бастысы, дәрумендер мен пайдалы заттардың күшін сол күйінде сақтап қалады. Яғни өнім табиғи қалпынан ажырамайды, тек құрамындағы ылғал алынып тасталады. Бұл оны ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.

Қондырғы өте әмбебап. Жоба жетекшісі Ербол Ихсановтың айтуынша, «Dayar 20» жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт, балық, тіпті дайын тағамдарды да сапалы түрде кептіре алады. Мұндай өнімдерді тоңазытқышсыз, қарапайым бөлме температурасында 1 жылдан 3 жылға дейін, ал арнайы қаптамамен 50 жылға дейін сақтауға болады. Бұл – әсіресе экспортқа шығару үшін таптырмас мүмкіндік.

«Dayar 20» қондырғысы ең алдымен фермерлер үшін тиімді, себебі ол өнімді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беріп, шы­ғынды азайтып, пайданы арттырады, сондай-ақ шалғай ауылдар мен таулы аймақтардағы инфрақұрылымы әлсіз шаруашылықтар үшін де таптырмас шешім бола алады. Инновациялық жобаны жүзеге асыру арқылы ҚазҰУ ғалымдары ауылшаруашылық өнімде­рінің экспорттық әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қоспақ.