
фото: Анадолы
2024 жылдың алғашқы алты айында 297 өлім жазасы тіркелген.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрктің айтуынша, қазір кемінде 48 адам өлім жазасын күтіп отыр, оның ішінде 12 адамға жақын арада үкім орындалуы мүмкін.
«Биыл өлім жазасына кесілгендердің 40%-дан астамы есірткіге қатысты айыппен сотталғандар. Қалғандарына «Құдайға қарсы шығу» секілді нақты дәлелсіз, бұлыңғыр айыптар тағылған. Мұндай айыптар көбіне билікке қарсы шыққандар мен саяси қарсыластарды басу үшін пайдаланылады. Олардың соты жабық өтеді», деді Фолькер Тюрк.
БҰҰ құқық қорғаушылары әділетсіздікке алаңдаулы. Олардың айтуынша, өлім жазасына кесілгендердің арасында этникалық және діни азшылық өкілдері тым көп.
Сонымен қатар Иран Конституциясының сақшылар кеңесі қазір «дұшпан елдермен ынтымақтастық» түсінігін кеңейтетін заң жобасын қарап жатыр. БҰҰ бұл заң жобасы өлім жазасына әкелетін тыңшылық туралы баптарға интернеттегі хат алмасу, шетелдік БАҚ-пен байланыс немесе тіпті идеологиялық келіспеушілік те кіріп кетуі мүмкін екенін ескертеді.
«Өлім жазасы өмір сүру құқығына және адамның қадір-қасиетіне қайшы. Иран билігін өлім жазасына мораторий жариялап, бұл жазаны жою жолындағы жаһандық қозғалысқа қосылуға шақырамын», деді Фолькер Тюрк.