Білім • Бүгін, 09:45

Зияткерлік бәйгенің жеңімпаздары

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді 7 олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Өткен аптада озат оқушыларымыз осы білім бәйгелерінде топ жарып, ел мерейін асқақтатты.

Зияткерлік бәйгенің жеңімпаздары

Жас физиктер

Ұлттық құрама жақында Францияның Палезо қала­сында өткен IPhO-2025 халық­аралық физика олимпиадасында бес медаль жеңіп алды.

Биылғы сайысқа 90 елден 400-ден астам дарынды оқушы қатысқан. Жас физиктеріміз бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, екі күміс, үш қола медальды олжалап қайтты. Тарқатып айтсақ, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мек­тебінің 11-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков пен Ал­маты қаласындағы Назарбаев зият­керлік мекте­бінің 12-сынып оқушысы Бека­сыл Елу­бай екінші орын алса, Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мекте­бінің 12-сынып оқу­шысы Әмір Пішенбаев, Аста­на қала­сын­дағы Nurorda мек­теп-ли­цейінің 10-сынып оқ­у­шы­сы Нұргүл Егенбер­генова және Астана қаласын­дағы «Spectrum» халықаралық мекте­бінің 12-сынып оқушысы Артур Ким үшінші орынның тұғы­рынан көрінді.

Команданың ғылыми жетекшілері – PhD докторы, Сулейман Демирель университетінің ассистент-профессоры Самат Мақсұ­тов және халықаралық олим­пиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев.

Айта кетейік, физикадан халықаралық олимпиада 1967 жылдан бері өткізіледі және бұл сайыс әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі саналады. Ал ұлттық құрама IPhO олимпиадасына 1997 жыл­дан бері тұрақты қатысып келеді.

 

Математика мықтылары

Аустралияда өткен IMO-2025 халықаралық математика олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы алты медальмен толықты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл білім бәйгесіне биыл 112 елден 650-ге жуық үздік жас математик қатысып, бақ сы­наған. Ел намысын қор­ғаған оқушыларымыз төрт күміс, екі қола медальға қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – үлкен жетістік.

Халықаралық IMO олимпиадасына Қазақстан құрама командасы алғаш рет 1993 жылы қатысты. Содан бері жүлде қоржынымыз 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медальмен толықты. Ал биыл­ғы нәтижеге келер болсақ, Алматы қаласындағы «Hai­ley­bury Almaty» мек­те­бі­нің оқушылары 11-сынып оқу­шысы Амирлан Аман­жо­лов пен 12-сынып оқушысы Мирон Юркевич, Астана қаласындағы «Spec­trum International School» мектебінің 11-сынып оқу­шысы Марғұлан Шарел, Алматы қаласындағы РФММ мектебінің 11-сынып оқушысы Амир Сахипов күміс медальға ие болса, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерқанат Кеншілік пен Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбек қола медальға қол жеткізді. Оларға жетекшілік еткен — PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олим­пиа­далардың жеңімпазы Қанат Сатылханов.

 

Үздік биологтер

Қазақстан құрамасы Фи­лип­пинде өткен IBO-2025 Халықаралық биология олимпиадасында тәуір нәтиже көр­сетіп, төрт қола медальды қанжығаға байлады.

Осындай үздік нәтиже көр­сеткен Қазақстан коман­дасының құрамында Пав­лодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интер­натының 10-сынып оқушысы Ерсұлтан Қайыркен, Өске­мен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ер­жанұлы, Астана қаласын­дағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Айғаным Балташева, Ал­маты қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интер­натының 8-сынып оқушысы Алихан Ашырханов бар. Команданың ғылыми жетек­шілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Лейла Асқарова мен Ильяс Сакимов.

Айта кетейік, биыл бұл білім додасына 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты. Жалпы, IBO-2025 олимпиа­дасы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы теориялық бөлімде оқушылар молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешеді. Ал практикалық кезеңде зерт­ханалық жұмыстармен айналысып, биологиялық үдеріс­терді талдайды.

Ұлттық құрама 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде озат оқушыларымыз 2 алтын, 18 күміс және 56 қола медаль, сондай-ақ 12 құрмет грамотасын жеңіп алды. Еске сала кетейік, 2024 жылы бұл олимпиада Астана қаласында ұйымдастырылды.

Дарынды оқушыларды, олардың ұстаздары мен ата-ана­ларын осы жарқын жеңіс­пен құттықтаймыз!