Зерде • Бүгін, 09:35

«Полк баласы»

40 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1969 жыл. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен сол бір күз әлі көз алдымда. Сонда біздің курсымызда қарағандылық қыз-жігіттердің қарасы өте көп болды. Олар Әбусаттар Тұрғанбеков, Аманжол Қанафин, Жүрсін Ерманов, Тілеуғабыл Байтұрсынов, Самат Жүнісов, Сәулебек Жәмкенов, Клара Хамзина еді. Ойлап отырып таңғаламын, сол кездегі республика астанасындағы басқа ұлттың басымдығынан ба, жоқ әлде бұрыннан қанымызда бар қазақы қасиетімізден бе, әйтеуір алғаш танысқаннан бастап-ақ бәріміз бір-бірімізді жатырқамай өте ұйымшыл, ынтымақшыл болып кеттік. Жоғарыдағы жандардың көбі әскерге барып, одан қалса өндіріс пен шаруашылықта жұмыс істеп келіп оқуға түскен азаматтар-тын. Сондықтан олардың университетке мектеп қабырғасынан кейін бірден топ ете түскен біз секілді 12 оқушыға үйретері аз болған жоқ.

«Полк баласы»

Суретте (оңнан солға қарай): Қара­ғанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті ЖШС директоры Мағауия Сембай, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев, осы басылымның Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Мақұлбек Рысдәулет. Астана 2004 жы

Арада үш жыл өткенде курс­тасымыз Самат Жүнісов жатақханадағы бөлмемізге бір бозбаланы ертіп әкеліп, таныстырғаны бар. «Мағауия Сембаев деген інім болады. Қарқаралыдан. Журфакқа биыл түскен студент», – деді ол. Байыппен барлап қараймыз, бойшаң болғанымен тіптен жас. Уыздай бала. Сөйтсек, мектепті қызық көріп, 6 жасында барған екен. Содан 1-сынып бағдарламасына ілесіп кеткен ғой. Енді, міне, 16-ға 1-2 ай қалғанда паспорт емес, туу туралы куәлікпен ҚазМУ-ға келіп оқуға түсіп тұр.

Содан бастап Мағауия біздің жанымыздан шықпайтын болды. Кинотеатр, кітапханаға барсақ та қасымызда жүргені. Таңертеңгілік өз бөлмесіндегі жігіттерімен лекцияға тартады. Одан түс қайта оралған соң, курстастарынан бөлініп, біздің 115-бөлмеге келеді. Келген бойда жерлес ағасы Саматпен шүйіркелесіп, бізбен бірге отырып шай ішеді. Содан соң екінші бір жерлесі Тілеуғабыл көкесінің төсегіне отырады да оның тумбочкасын үстел орнына пайдаланып, сабаққа дайындалады. Өз бөлмесіне түн жарымда ғана қайтады. Мұның сырын біз өте жақсы білетінбіз. Сондықтан да оған түсіністікпен қарайтынбыз. Неге десеңіз, Мағауия ол кезде мүлдем жас бозбала еді. Бұрын ауылдан аттап шықпаған ол туған жерін аңсайтын. Ата-анасын сағынып, хат келмеді ме екен дегендей, Бас почтамтқа жиі баратын. Бұл ақын Қадыр Мырзалиевтің «Студенттер» атты өлеңіндегі теңеумен айтқанда: «Басталмаған қаланың дастаны әлі, Алғашқы жыл дала деп жас тамады...»  деген кез еді. Сондай сәтте бір жерде туып, бір өңірдің ауасын жұтқан Самат пен Тілеуғабыл ағаларына келіп, оларды қара тұтуы оған өзі әлі үйрене қоймаған қалада айтарлықтай сүйеніш, демеу болғаны анық.

Осы арада айта кетер бір жайт, Мағауияның ес көріп жүрген жерлес ағасы Саматтың кімнің де болса тілін табар ерекше қасиеті бар еді. Ол егер сені бір нәрсеге жұмсаса, қан­дай қиын шаруа болса да оны орын­дауға қалай жүгіріп кеткеніңді байқа­май қалатының. Міне, сол Сәкең осы ғажап қабілетімен келе-келе Мағауия­ны да өзіміздің ішкі-сыртқы «ша­руа­шылық жұмыстарымыз» үшін бізге көмекшілікке бейімдеп бергені бар. Алдын ала жасалған кесте бойынша қайсымыз бөлмеге кезекші боламыз, қа­сымызда жәрдемдесіп Мағауия жүреді. Азық-түлік дүкеніне кімнің ба­руы қажет етілсе, оның жанына қолғанат ретінде тағы да сол ілеседі. Қыс­қасын айт­қанда, ол сол жылғы күз бен қыс және көктемде өзінің елгезек, тіл алғыш мі­незімен біздің 115-бөлменің толық­қанды бір мүшесіне айналды да кетті. Ал жазда... Иә, жазда да жұбымыз жазылмады. Студенттік құрылыс отря­дында сол кездегі Целиноград облы­сы­ның Державин ауданындағы «Маяк» кеңшарында тізе қоса еңбек еттік. Онда да ол біздің курстағы тағы да бір жерлесі Сәулебек Жәмкенов ағасының жанында жүріп, бәріміздің сүйікті де сүйкімді ініміз бола білді.

Содан кейінгі екі жылда да Мағауия­мен қатарымыз ажыраған жоқ. Өзінің де, біздің де курспен қатар араласып жүрді. Құдды бір жазушы Валентин Катаевтың атақты повесіндегі «полк баласы» дерсің. 1974 жылы жазда оқуымызды аяқтаған біздер шама-шарқымызға қарай республикалық, облыстық, аудандық газеттерге орналасып, еңбек жолымызды бастадық. Мен Алматыда, «Лениншіл жаста» қалдым. Ол кезде 3–4-курстарда оқитын Мағауия журфактағы өндірістік практика кезінде маған келіп тұрды. Ал 1976 жылы оқуын аяқтаған соң, Қарағандыға аттанды. Міне, сол жерде ол өзі бес жыл оқыған білімін өмірдегі қиын да күрделі жұмыспен ұштастырып, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бұрқ-сарқ қайнаған қым-қуыт тірлігіне кірген де кеткен. Мұны маған айтқан сондағы курстастарым Әбусаттар Тұрғанбеков пен Самат Жүнісов еді. Ара-тұра телефонмен амандық-саулық сұрасқанда олардан естігенім: жас жігіт ұжымда барын салып еңбектенген. Жан-тәнімен жұмыс істеп, шыңдалған. Мол тәжірибе жинақтаған. Соның нәтижесінде алға шығып, білікті маман атанған. Бұл жай сөз, құрғақ баяндау емес. Мағауияның жо­ғарыдағыдай жетістігін 80-жылдар дың аяғында өзіміз көзімізбен көрдік. Ол атақты Шерағаң, Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып келген кезінде газеттің бет-бейнесін жаңартып, мазмұнын арттыру үшін республикамыздың облыстық басылымдарынан бір топ журналисті Алматыдағы орталық аппаратқа алдыртуы еді. Олар мәселен, Павлодар, Семей, Шымкенттен шақыртылған Нұртөре Жүсіп, Руслан Нұртазин, Еркін Қыдыр секілді жастар-тын. Солардың қатарында Мағауия Сембаев та бар болатын.

Ол аға газетте де суырылып алға шығып, өнімді еңбек етті. Бірақ 90-жылдардың басында «Орталық Қазақ­стан» газеті басшылығына Алматыдан арнайы жіберілген атақты журналист Нұрмахан Оразбеков бірден Мағауияны іздеді де, ол көп кешікпей сол кісінің шақыртуымен қайтадан Қарағандыға қайтты. Мұнда алдымен Нұрағаңа, кейін кәнігі, кәсіби маман Рымқұл Сүлей­­меновке сенімді серік бола білген кейіп­керіміз уақыт өте келе өзіміз сөз етіп отырған облыстық басылымның тіз­гінін ұстады. Сол кезде Алматыда ті­лек­тес болып жүрген біздер бұған қатты қуанғанбыз. Телефон арқылы хабарласып, шын жүректен құттықтағанбыз.

...1999 жылы 19 ақпанда «Егемен Қазақтан» газетінің редакциясы Алма­тыдан Астанаға көшті. Елорданың Ло­моносов көшесіндегі екі қабатты ша­ғын ғимаратқа кіріп, орналасып жат­қанымызда Қарағандыдан қас-кірпігіне қырау қондырып Мағауияның жеткені!.. Бір кезде Алматыда аз уақыт өзі жұмыс істеп, Қарағандыдағы облыстық газетке басшылық қызметке ауысқан оның аға басылымға: «Көш көлікті болсын!» деп тілек айтуға келген беті екен. Құшақтаса амандасып, мәре-сәре болдық та қалдық. Содан бастап бірде Қарағандыда, келесіде Астанада қайтадан бірге жүріп тұратын болдық. Олар: мерейтой, балала­ры­мыздың үйлену, шілдехана сияқты қуанышындағы басқосулар ғой баяғы.

Мағауия Сембай «Орталық Қазақстанға» 20 жылдан астам уақыт бас редактор болды. Ол уақыттар оған оңай болған жоқ. Бұлай дейтініміз, аталған кезеңде бір жағынан ұжымдағы қор­даланып қалған әлеуметтік-тұр­мыстық мәселелерді қалай тез шешіп, жұрт көңілінен шықсам, екінші тұрғыдан газетті қайтсем жақсартып, оқылымды етсем, сөйтіп құлдырап кеткен тиражды жоғары деңгейге жеткізсем, үшіншіден жоғарыдағыдай ұйымдастыру жұмыс­тарымен арпалысып жүріп, өз шығар­машылығымды жоғалтып алмасам деген тынымсыз ой жетегінде жүруіне тура келген жайы бар. Осындай ірі де іргелі үш мақсатты алдына қойған Мағауия оларды жүзеге асыра да білді.

...2019 жылдың көктемі болатын. Жігіттерден: «Мағауия сырқаттанып жүр екен», деген хабар естідім. Екі-үш рет қоңырау шалып едім, телефонын алмады. «Қой, барып қайту керек шығар»,  деп ойладым ішімнен. Содан: «Әне-міне барамын», дегенімше жаз болды. Одан күз де келіп жетті. Не керек, Сәулебек досым екеуміз жолға шықтық-ау әйтеуір. Облыстық ауруханаға жетіп, Ерсін, Жәнібек інілеріміздің бастауымен үшінші қабатқа көтерілгенімізде, дәлізде бізді күтіп жүрген Мағауияны көзіміз шалды. Еркелей келіп құшақтап, мәре-сәре болды да қалды. Палатаға кіріп те, одан шығып та көп әңгімелестік. Жал­ғыз­сырайтын сияқты. Жібергісі жоқ. Көңілін қалдырмас үшін бір әңгіме бастаймыз. Одан келесі әңгіме... Содан не керек, түске дейін отырдық. Қайтарда қолын алып, жүзіне көз салдым. Өңінің сәл бозарыңқы тартқаны болмаса, еш өзгеріс жоқ сияқты еді. Тіп-тік қалпы, ширақ қимылы, бәрі-бәрі бұрынғыдай-тын.

...Сол бейнесі әлі көз алдымда.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

АСТАНА