Өнер • Бүгін, 08:00

АҚШ сахнасында ән шырқады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалықтаған қазақ үні әлем сахналарын шарлап жүр. АҚШ-тағы атақты «Карнеги холл» концерт залының сахнасына қазақ әншісі Гүлзар Ғабдрахман осымен екінші мәрте көтерілді. Әлемдік жұлдыздар ғана ән шырқау бақытына ие болған бұл концерт залына Америкада тұратын қазақ өнерпазы арнайы шақыртылып, өткен апта соңында «Gloabal Artist Debut Consert»-те екі бірдей ән салды.

АҚШ сахнасында ән шырқады

Таныса келе сөйлес­ке­німізде, Гүлзар атақты әнші Игілік Омаров­тың немересі болып шықты. Әкесі Ғабдрахман бір кездері Жаңаарқа ауданын басқарғаны есімізге түсті. Қазір Америкада өнерін шыңдап жүрген Гүлзардың ол жақтағы лақап аты Гүлзар Габман, әлеуметтік желілерден де осылай іздесе шығады.

Әнші 2022 жылы «Viva-Music Carnigie Hall» байқауына қатысып, бірінші орыннан көрініп, жеңім­паз танылса керек. Онда халық аузында кең таралған Үлебайдың «Дударайын» құйқылжытқан ­екен. Содан бері үш жыл өткенде ­Гүлзар атақты сахнаға қайта кө­теріліп отыр. Бұл жолғы құрметтің ­орны бөлек. Себебі мен деген әлем­дік сахнагерлердің маңдайына ­жазыла бермеген концерт залы­ның ұжымы мен аталған байқау­ды ұйымдастырушы тарап ән­ші­ні ­аттай қалап, құрметті қонақ ретінде шақырып, бір емес, екі бірдей қазақ әніне орын беріп отыр. Гүлзар шырқамай қалсын ба? Бұл жолы халық әні «Әгугай» мен ел арасына Игілік Омаров­тың орындауында кең таралған Садық Керімбаевтың әні «Ақеркені» орындапты. «Битлз» тобы, Лайза Миннелли, Фрэнк Синатра, Андреа Бочелли, Мария Каллас сынды әлем­дік жұлдыздар өнер көрсеткен залда қазақ қызы­ның ән шырқауы, әрине, тарихи оқиға дер едік. Мұны өзі де осылай шамалап отырғанын айтады әнші.

«Мені қолдап, қошеметтеп келген осындағы Қазақ қауымдастығы өкілдеріне алғысым шексіз» дейді Гүлзар Ғабдрахман.