Қоғам • Кеше

48 орталық және жергілікті атқарушы органның ашықтық деңгейі бағаланды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы алғашқы жартыжылдықта Қазақстанда мемлекет пен азаматтар арасындағы кері байланыс тетіктері қарқынды дамуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

48 орталық және жергілікті атқарушы органның ашықтық деңгейі бағаланды

Бұл бағыттағы маңызды құралдардың бірі – epetition.kz платформасы. Аталған цифрлық алаң арқылы азаматтар бір мыңнан астам петиция жолдап, қоғамды толғандыратын мәселелермен танысуға мүмкіндік алды. Портал қоғамдық бастамаларды білдірудің және мемлекеттік органдардың назарын өзекті тақырыптарға аударудың тиімді арнасына айналуда.

Мемлекеттік басқаруда ашықтық пен есептілікті арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылау жүргізу функциясы жүктелді. Есепті кезеңде 61 ақпарат иесіне қатысты тексеру жүргізіліп, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 16-бабында көзделген нормалар бойынша анықталған құқық бұзушылықтарды жою жөнінде ресми хабарламалар жолданды.

Азаматтардың өтініштерін қарау мәдениетін жетілдіру мақсатында елордадағы Азаматтарды қабылдау орталығының тәжірибесі еліміздің барлық өңірлеріне енгізілді. Бүгінде республика бойынша 150-ден астам осындай орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда азаматтар мемлекеттік қызметтерге жүгініп, әкімдік өкілдерінен кеңес сұрап, белгіленген кесте бойынша жеке қабылдауға жазыла алады. Орталықтардың инфрақұрылымы тұрғындардың әртүрлі санаты үшін қолайлы әрі қолжетімді болуына жағдай жасайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ашықтық индексі бойынша алдын ала нәтижелер жасалып, олар Мемлекет басшысы Әкімшілігінің және орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен жиында ұсынылды. Бұл бағалау 48 орталық және жергілікті атқарушы органның қызметін қамтыды.

Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың цифрлық әрі институционалдық тетіктерін дамыту – тиімді басқаруды қамтамасыз етуге және халық сенімін нығайтуға бағытталған қазіргі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала бермек.