Спорт • 27 Шілде, 2025

Мәжіліс депутаты БҚО полиция қызметкерлерімен кездесті

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Заң мен тәртіп» апталығы аясында БҚО полиция департаментінің жеке құрамы Мәжіліс депутаты Абзал Құспанмен кездесті деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты БҚО полиция қызметкерлерімен кездесті

Іс-шараға Орал қалалық мәслихатының депутаттары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылығы және департаменттің жеке құрамы қатысты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде: «Егер біз Қазақстанды болашақта дамыған елдердің қатарынан көргіміз келсе және шетелдік инвестиция тартуды көздейтін болсақ, елімізде заң мен тәртіптің сақталуы басты басымдыққа айналуы тиіс», – деп атап өткен болатын. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында Мемлекет басшысы жүктеген нақты тапсырмаларды орындау – елдің тұрақты дамуы мен халықаралық беделі үшін маңызы зор екені жиында баса айтылды.

Кездесу кезінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан ішкі істер органдары қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерді таныстырды. Атап айтқанда, сталкинг (қудалау), дропперлік (алаяқтықтың жаңа түрі) және мәжбүрлі неке қию әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ қылмыстық заңнаманы оңтайландыру аясында Қылмыстық кодекстің бірқатар бабына өзгеріс енгізілгені де атап өтілді.

Жиын соңында депутат жеке құрам өкілдерінің түрлі сауалдарына жауап берді.

Батыс Қазақстан облысы