
Айталық, 2025 жылдың І жартыжылдығында Алматыдағы 220 ескі тұрғын үй иелері жаңа да жайлы пәтерге көшті. Қоныс аудару жұмыстарын Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы» ӘКК еншілес ұйымы, «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС мен инвесторлар «Алматы қаласының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы – 2030» аясында жүзеге асырып жатыр.
Алматылықтар жаңа баспананы «бөлме орнына бөлме» қағидатымен немесе бұрынғы тұрғын үйінің нарықтық құнына сәйкес өтемақы алу арқылы иеленіп отыр. Жаңарту бағдарламасы аясында барлық пәтер толық әрленіп, дайын күйінде берілді. Үйлерге интернет желісі тартылып, өртке қарсы дабыл жүйесі, сантехника, фаянс, газ немесе электр плитасы орнатылған.
Сөйтіп, қаланың ең тұрғыны көп Түрксіб ауданында – 99, Алмалы ауданында – 57, Жетісу ауданында – 32, Әуезов ауданында – 20, Бостандық ауданында – 7, Алатау ауданында – 3, Медеу ауданында 2 адам жаңа пәтерге қоныстанды.
Бағдарламаға сәйкес барлық меншік иелерінің келісімімен ғана көшіріліп, ғимараттары сүріледі. Ерекше күтімді қажет ететін адамдарға бірінші қабаттан немесе жеделсаты, пандусы, кедергісіз қолжетімділігі бар үйлерден пәтер қарастырылған. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қамыс үйлер мен тектоникалық жарық аймағында орналасқан ғимараттарды сүруге ерекше көңіл бөлінеді.
Берілген баспанаға көшуден бас тартқан жағдайда тұрғындар ескі үйде тұра береді, бірақ ықтималды қауіп-қатерлерге өздері жауапты болады. Биыл жыл соңына дейін «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» мен инвесторлардың күшімен тағы 600-ден астам адамды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
«Жаңарту бағдарламасы кешенді тәсілге негізделген. Тұрғын үй ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындарының өмір салты өзгереді. Жайлы орта қалыптасып, жаңа қоғамдық кеңістіктер, жұмыс орындары мен қызметтер пайда болады. Сонымен қатар Алматының сәулеттік келбеті жаңарады. 2030 жылға дейін қаладағы ескі үйлердің санын 1 366-дан 690-ға дейін азайтып, шамамен 7 500 меншік иесін заманауи пәтерге көшіру жоспарланып отыр», деді «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы Ринат Құрманов.
«Алматының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы – 2030» қалалық әкімдік тарапынан әзірленіп, 2024 жылдың қараша айында мәслихатта бекітілген. Бағдарламаға «Алматы» ӘКК» АҚ әкімшілік етсе, уәкілетті ұйым ретінде қала әкімдігінің «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС жұмыс істеп отыр.
АЛМАТЫ