
Сурет: welcome.kz
Қоғамда «кезек күтудің» тәртібі, ережесі, мәдениеті қалыптасты. Бала дүниеге келгеннен балабақша кезегі басталады. Әйтпесе, жасы жеткенде ата-ананың мемлекеттік балабақша таппай сенделгені сенделген. Емханаға жазылу, дәрі-дәрмек алуың кезек, төмен пайызбен көлік, сосын тұрғын үй, жер кезегі деп жалғаса береді. Осының ішінде санаторий, курортқа жолдама беру тәртібі де «зейнеткерлердің жарысына» ұқсап барады.
Бүгінде мүгедектігі бар жандарға жолдама электрондық форматта, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тіркеледі. Интернеті жоқ азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту бөліміне жолдама алуға өтініш бере алады. Зейнеткерлерге, ардагерлерге, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жолдаманы әкімдіктер мен мәслихаттар реттейді. Мысалы, Birge.astana.kz порталы Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметтерін ұсынатын, оның ішінде санаторий, курортқа жолдама алу мәселелері жөніндегі ресми платформа саналады. Зейнеткерлер дәл осы сайтты пайдаланады. Мұнда өтінімдер саны қолжетімді жолдамалар санынан көп болса, жолдама бірінші болып өтініш бергендерге тиюі мүмкін. Кім жылдам, ширақ, соның жолдамалы болуға мүмкіндігі жоғары.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың соңында қалпына келтіру және медициналық оңалту ұйымдарында 413 344 адам емделген. Оның ішінде 261 698 адам санаторийге барған. Санаторий, курорттық ем бронх-өкпе патологиясы, тірек-қимыл аппараты, асқазан-ішек жолдары, басқа да аурулардан кейін қалпына келтірудің үшінші кезеңі саналады. 2020 жылдан бастап санаторий-курорттық емдеу МӘМС-ке біріктірілген. Яғни ем-шараның үшінші кезеңінде пациенттер медициналық сақтандыру есебінен ем алады. Мысалы, Бурабайдағы мамандандырылған санаторийге бронх-өкпе патологиясы бар пациенттер барады. Мәселенің мән-жайына тереңірек үңілу мақсатында Астана қаласындағы №2 қалалық емханаға арнайы барып, директордың орынбасары Майра Ахметовамен пікірлестік.
«Біз денсаулық жағдайы бойынша санаторийге мұқтаж адамдардың құжатын толтырамыз. Қатерлі ісік, эпилепсия, туберкулез сынды ауруға шалдыққан науқастарды онда жібермейміз. Міндетіміз – пациенттердің қарсы көрсетілімдері бар-жоғын анықтау, ауру адамды жібермеу. Сырқаты бар адамға кейбір емшаралар кері әсер етіп, науқастың жағдайын тіпті асқындырып жіберуі мүмкін. Емханаларда өкпе ауруымен дипансерлік есепте тұрғандарға да жолдама беріледі. Оларға Бурабайдағы санаторийге тегін жолдама береміз. Жылына шамамен 13-14 пациент осы мүмкіндікті пайдаланады. Яғни науқастар емханада емделген соң, профилактикалық сауықтырудан өтеді. Мұнда санаторий-курорттық ем-шара емнің үшінші кезеңі ретінде қарастырылады. Өкпе ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға Алматыдағы «Алатау» шипажайына жолдама беріледі. Балаларға, мүгедектігі бар адамдарға емдеу-сауықтыру тегін», дейді М.Ахметова.
Зейнет жасындағы тұрғындар санаторийге бармас бұрын емханадағы дәрігеріне қаралып, санаторий-курортқа арналған карта (форма 067/9) алады. Картаны алу үшін пациент алдымен медициналық талдауларын тапсырады. Денсаулығын жіті тексереді. Егер пациенттің денсаулығында асқынған ауру белгілері байқалса, санаторийге бара алмайды. Санаторий қызметкерлері де пациенттерден жоғарыда айтқан картаны сұратады. Онсыз қабылдамайды. Құжатты дәрігер толтырады. Дәрігер пациенттің денсаулық жағдайын тексермей, оны қолға ұстата салмайды.
Жақында Бурабайдағы «Қатаркөл» шипажайына жолдама ала алмай жүрген Астана қаласының тұрғыны редакцияға хабарласты. Ол санаторийге бару үшін ақпан, мамыр немесе қыркүйек айларының басында жолдамаға өтініш қалдыруға тиіс болыпты. Маусым, шілде, тамыз айларының бірінде жолдамаға ие болуды ойлаған зейнеткер мамырдың басында өтініш қалдыруға ниеттенген. Алдымен балаларымен бірге электронды форматта өтініш қалдыруға оқталып, платформаны түсіне алмаған. Сосын «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына барған. Нақ сол күні ұзын-сонар кезекке тап келіп, тағы әбігерге түскен. Көп кешікпей жолдаманың таусылып қалғанын білген. Біз зейнеткердің сауалын Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Мөлдір Абайқызына қойдық.
«Астана қаласында тұратын зейнеткерлерге санаторий-курортқа жеңілдетілген жолдама ұсынамыз. Олар емдеу-сауықтыру құнының 20%-ын ғана қалтасынан төлейді. Тіркелу Birge.astana.kz сайты арқылы қолжетімді. Зейнеткерлердің ЭЦҚ арқылы үйден тіркелуге мүмкіндігі бар. Тіпті болмаса, Астана қаласындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына ЭЦҚ-мен барса, сондағы мамандар жәрдемдеседі. Әлеуметтік көмектің осы түрін зейнеткерлер екі жылда бір мәрте ғана ала алады. Былтыр барғандар биыл бара алмайды. Қала тұрғынының сауалына жауап берер болсам, зейнеткердің қазірдің өзінде жолдамаға ие болу мүмкіндігі бар. Әдетте зейнеткерлер санаторий-курортқа жолдама беру басталды деген күннен жаппай тіркеледі. Алайда сол тіркелген тұлғалардың барлығы жүз пайыз бара бермейді. Мысалы, мамыр айында тамызда санаторийге барамын деп жазылған зейнеткер бар делік. Бірақ тамызға дейін оның жоспары өзгеріп, сауықтыруды басқа күнге жоспарлауы мүмкін ғой. Зейнеткерлер осындай бос орындарға кез келген уақытта жазыла алады. Кезек жайына келер болсақ, тұрғындар әке-шешесін «Жанұя» орталығына апармай, Birge.astana.kz сайты арқылы үйден тіркесе, кезек күтпейді», деп түсіндірді Мөлдір Абайқызы.
Ресми жауапқа қаныққан соң, бізге өтінішпен шыққан оқырманға мән-жайды түсіндірдік. Кейін зейнеткердің «Жанұя» орталығына барып, тамыз айындағы бос орынның біріне жазылғанын білдік. Ол «Қатаркөл» шипажайына жақын арада баратын болыпты. Мұндайды күтпеген қария бізге, орталық мамандарына алғысын жаудырды.
Биыл жыл басынан шілдеге дейін Астана қаласынан 2952 зейнеткер санаторий-курортқа барған. Жыл соңында осындай мүмкіндік бас-аяғы 6 мың қала тұрғынына тиіп қалады деген болжам бар. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі саланы дамытудың қамына кірісіп, курортология және медициналық оңалту ҒЗИ-мен бірге шетелдік тәжірибені талдаған. Соның нәтижесінде табиғи емдік факторлардың жаңа емдеу технологияларымен тиімді үйлесуі медициналық оңалтудың әсерін едәуір күшейтетінін зерделеген. Алдағы уақытта елімізде курортология мәселелері бойынша білім орталығы ашылады. Саланы дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы да бар. Қысқасы, Денсаулық сақтау министрлігі емдеу-сауықтыру бағытындағы жұмыстарды жіті назарда ұстап отыр. Ендігі мәселе, мүгедектігі бар жандарға, диспансерлік есепте тұрғандарға, зейнеткерлерге берілетін жолдаманың саны жылдан-жылға көбейе түссе жақсы. Сондай-ақ электронды платформаны түсіне бермейтін зейнеткерлерге жәрдемдесетін бір емес, бірнеше орын ашылса, нұр үстіне нұр.