Саясат • Кеше

Инвестштабтың кезекті отырысы

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оның барысында сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қаралды.

Инвестштабтың кезекті отырысы

Сурет: primeminister.kz

Мәселен, агроөнеркәсіптік сектор­дағы екі жоба бойынша инвестициялар туралы келісімдердің негізгі шарттары мақұлданды. Бірінші жобада «Tiryaki Agro» түрік компаниясының қатысуымен астықты терең өңдеу кешенінің құрылысы қарастырылған. Оның жоспарланған өндірістік қуаты жылына 250 мың тонна өңделген бидай мен 80 мың тонна бұршақты құрайды. Инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 160 млрд теңге.

Жиында екінші жобаның да шарттары бекітілді, ол – келесі бір түрік компаниясы «YDA Group»-тың  қатысуымен тыңайтқыштар мен пестицидтер өндіретін агрохимиялық кешен салу. Өндіріс қуаты – жылына 150 мың тонна, инвестиция көлемі – 168 млрд теңге.

Екі жоба да ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арт­тыруға, импортты алмастыруға және қосылған құны жоғары өнім ассорти­ментін кеңейтуге бағытталған.

Қазақстанда астық дайындаудың жыл сайынғы көлемі 16-17 млн тонна деңгейінде екенін және үштен бір бөлігі экспортқа кететінін ескере отырып қолға алынған өнімнің 260 түрін қамтитын ішкі өңдеуді дамыту бастамасы экономиканы әртараптандыру және агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуы үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Сонымен қатар инвестициялық штаб қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс­тарды да жалғастыруда. Басты назар нормативтік базаны жетілдіруге, әкімші­лік кедергілерді азайтуға және экономи­каның басым салаларында инвестиция­лық бастамаларды іске асыру үшін тұрақ­ты жағдайлар қалыптастыруға салынған.