Үкімет • Кеше

Қауіпсіздік жайы пысықталды

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Оған ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік қызметі және Қаржы мониторингі агенттігі өкілдері қатысты.

Қауіпсіздік жайы пысықталды

Отырыста есірткі қылмысына, мас­күнемдікке қарсы күрес туралы шаралар мен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі мәселелері қаралды.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жарты жыл ішінде 6,4 тонна есірткі тәркіленгенін, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталғанын, 474 есірткі қылмыскері, оның ішінде 28 Telegram-канал әкімшілері ұсталғанын баяндады. Ұйымдасқан қыл­мыстық топтарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды, олардың үшеуі – трансұлттық деңгейдегі топтар. Есірткіге қарсы 11 мың­нан астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар есепті кезеңде қоғамдық орындарда ішім­дік ішудің 107 мың фактісі және алкоголь айналымы саласындағы 7 мың заң бұзушылықтың жолы кесілді. 11 мың адамға спирттік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтқан мәліметтерге сәйкес, бүгінде диспансерлік есепте есірткіге тәуелділігі бар 17 мыңнан астам адам тұр. Кейінгі бес жылда опиоидқа тәуел­ділер саны 1,5 есе азайған, керісінше синтетикалық стимуляторларға және есірткіні аралас қолдануға тәуелді болып қалған пациенттер саны артқан. 2024 жылдың соңынан бастап тәуелділік синдромы жоқ, бірақ есірткіні өзіне зиянды түрде тұтынатын адамдарға консультациялық бақылау ен­гізілді. Онымен бүгінде 3 мыңға жуық адам қамтылды. Наркологиялық көмек 20 өңірлік психикалық денсаулық орталықтарында, 79 қалалық және 205 аудандық кабинеттерде көрсетіледі, сондай-ақ Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде 94 жастардың денсаулық орталығы бар, оған 2024 жылы 700 мыңнан астам адам жүгінді. 2025 жылы емдеудің тиімділігін арттыру бойынша жаңа әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Ауруханаға жатқызуға қарсы көрсетілімдер тізбесін қайта қарау жалғасып жатыр.

Премьер-министр құқық қорғау ор­гандарының қанша күш салып жатқанына қарамастан, нашақорлық мәселесі, әсіресе жастар арасында сақталып отырғанын атап өтті.

«Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция – жастар арасында нашақорлықтың таралуы. Өкінішке қарай, ол күннен күнге белең алып барады. Жағдай оны таратудың жаңа әдістерімен шиеленісе түсуде, олар – интернет арқылы, пошта арқылы, жасырып кету, иесі белгісіз электронды төлемдер. Мұның барлығы «наркодиллер-өткізуші-тұтынушы» үштігінде физикалық байланыстың болмауына әкеліп отыр. Сол себепті де қазір таратушыларды ұстау әлдеқайда қиын»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр есірткі сайттары мен соған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіре түсу секілді шаралар қабылдауды, есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарын бұғаттау мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Нашақорлықты тудыратын препа­раттардың дәріханалық қозғалысын ба­қылауды күшейтуге, оңалту инфрақұ­рылымын құруға, оның ішінде кәмелетке толмағандар үшін нашақорлықты анықтау мен емдеу жұмыстарын жандандыруға назар аударылды.

Республикада маскүнемдікке қарсы күрес шеңберінде ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қозғалысы кеңейтілді. Қазір олардың саны 400-ден асады. Осындай бастамаларды жүзеге асырып жүрген белсенділер мен әкімдіктерді ынталандыру ұсынылды. Бүгінде кісі өлтірудің жартысынан көбі, әрбір үшінші бұзақылық және төртінші тонау қылмысы мас күйде жасалады.

Олжас Бектенов есірткінің таралуының салдарымен ғана емес, негізгі себептерімен де күресуге бағытталған жаңа есірткі саясатын әзірлеуді тапсырды.

Ведомствоаралық комиссия сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және психологиялық көмек көрсету, оның ішінде құқық бұзушыларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі мәселелерін қарады.

ІІМ мәліметінше, кейінгі үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша өтініштер саны 35%-ға азайған. Бұл ретте 2025 жылдың басынан бергі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеу байқалады. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны 34,9%-ға қыс­қарған.

Премьер-министр оң динамикаға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың алдын алу мәселесі елдің отбасылық-демографиялық саясатында өзекті болып қалып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда қандай да бір зорлық-зомбылыққа, қол сұғу­шылыққа жол берілмейтінін білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз заңнаманы күшейттік. Әйелдер мен балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдаттық», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр зорлық-зомбы­лықтың алдын алу, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, халық арасында ақпараттық жұмысты кеңейту және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі шаралар мен психологиялық көмек көрсету шараларын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Өткен жылы Ішкі істер министрлігінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы күрес жөніндегі маман­дандырылған бөлімше құрылды. Атал­ған бөлімше мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы салада профи­лактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Құзыретті қызметтердің өзара іс-қимылы ұйымдастырылды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балалар мәселесі талқыланды. Білім министрлігіне мұндай кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және қолдау тетігін әзірлеу тапсырылды.

Олжас Бектенов Отбасын қолдау орталық­тары желісін дамытудың, тиімді цифр­ландырудың және барлық ведом­стволардың тұрмыстық қылмыстарға қарсы күресте күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Отырыс соңында Премьер-министр жергілікті атқарушы органдарға рақымшы­лыққа іліккен азаматтарды кешенді бейім­деуді, сүйемелдеуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, рецидив­тердің алдын алуды қамтамасыз етуді тапсырды.