
Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек
Өңірде 70-тен астам этнос өкілі тұрады. Олардың бәрі облыс орталығында орналасқан Достық үйімен тығыз байланыста һәм ұлттық мерекелерде белсенді қызмет көрсетеді. Бұл туындының өмірге келуіне де олардың шынайы қарым-қатынасы себеп болған. Арт-нысан Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау жолындағы маңызды рөлін көркем бейнелейді.
Ауқымды мұралда түрлі этнос өкілдерінің келбеті, ұлттық нақыштағы ою-өрнектер мен достықты білдіретін белгілер бейнеленген. Сонымен қатар Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына қатысты элементтер де көрініс тапқан. Туындыны жас суретшілер тобы бірігіп салған. Жобаның идеялық негізі мен көркемдік тұжырымын Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірдегі шығармашылық ұйымдар бірлесе дайындаған.
«Биылғы мерейтой «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» деген ұранмен аталып өтіп жатыр. Осыған орай, облыс көлемінде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – осы мұрал. Қабырға суретінде этностар арасындағы ортақ болашақ, ұлттық мұра мен құндылықтарды біріктіретін көркем бейнелер жинақталған. Әрбір деталь – халқымыздың тарихына, мәдениеті мен бірлігіне көрсетілген ілтипат», дейді облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Еркебұлан Ақболатов.
Мұрал салынған «Қаратал» шағын ауданының 18/2-үй тұрғыны Олеся Алахвердиева да бұл игі бастамаға оң бағасын берді.
«Мұндай көркем туындылар қаламыздың ажарын ашып қана қоймай, тәрбиелік мәні зор ойды жеткізеді. Бұл арт-нысан халқымыздың бейбіт өмір сүруге деген ұмтылысын, мәдениет пен келісімге негізделген бірлігін нақты түрде айшықтап тұр», деді ол.
Жетісу облысы