
Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Қала әкімдігінің хабарлауынша, жобаның негізгі мақсаты – Алматының жоғарғы және төменгі бөліктерін байланыстыратын, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы әрі тартымды заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру.
«Құрылыс және абаттандыру жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Алғашқы кезеңде әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі учаске қамтылып, абаттандыру жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған», делінген хабарламада.
Сонымен қатар Есентай өзенінің жағалауы бойында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, жаңа саябақтар, демалыс орындары, жасыл аймақтар, көгалдандыру элементтері, орындықтар, жарықтандыру, қалалық инфрақұрылым және жастар мен студенттерге арналған арнайы аймақтар салынады. Сондай-ақ тыныштықты қалайтын тұрғындарға арналған релаксация кеңістіктері, мәдени және белсенді демалыс аймақтары да ескеріледі.
Қала кеңістігін дамыту саласындағы мамандардың пікірінше, Есентай өзені бойындағы аймақтың әлеуеті зор. Бұл арна жасыл белдеулерді, тұрғын үй кешендерін, студенттік кампустарды кесіп өтеді және мәдени-спорттық нысандарға жақын орналасқан. Бос жатқан аумақтар жаңа скверлер, экопарктер және туристік аймақтар құруға мүмкіндік береді.