Саясат • Бүгін, 09:00

Тау-кен ісінің тәуекелі

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Үкімет тау-кен металлургия кешенін шикізат көзі емес, экономиканың қозғаушы күшіне айналдыруға ниетті. Терең қайта өңдеу, цифрландыру және ғылыммен байланыстыру – жаңа саясаттың өзегі. Сонымен қатар көші-қонды бақылауға алып, жоғары білікті ІТ-мамандарды тарту тетіктері де қарастырылып отыр. Бұл мәселелер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.

Тау-кен ісінің тәуекелі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Терең өңдеуді жолға қоюымыз қажет

Үкімет тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселесіне бет бұрып, ендігі басымдықты терең қайта өңдеуге, ресурс­тық базаны кеңейтуге әрі өндірісті жаңғыртуға беріп отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл саланың тек шикізат көзі ретінде емес, толыққанды экономикалық тірек ретінде қаралуы қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде әлемдік нарықта мыс, мырыш, темір мен алюминийге деген сұраныс жоғары. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Алайда біз тек шикізат экспорттаушы ел болып қала берсек, қосылған құннан айырыламыз. Сон­дықтан қазірден бастап терең өңдеуді жолға қоюымыз қажет. Сондықтан отандық экономиканы әртараптандыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамы­тудың маңызы өте зор. Қазір ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 14%-ды құрайды әрі ол кен өндіру саласынан 2%-ға жоғары (12,2%). Осы үрдісті алдағы уақытта да сақтап қалу керек», деді Премьер-министр.

Мемлекет бұл бағытта нақты шара­лар қабылдап жатыр. Мәселен, биыл Са­ран қаласында «Qarmet» компаниясының болат құбырлар шығаратын зауыты іске қосылмақ. Бұл – жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын жобалардың бірі. Сонымен қатар Үкімет ірі кен орындарының айналасында шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуды көздеп отыр. О.Бектеновтің пікірінше, бұл – тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар қадам.

«Бүгінде салада 220 мыңнан аса адам еңбек етеді. Оның едәуір бөлігі – ШОБ-та жұмыс істейтін азаматтар. Сондықтан біз осындай өндірістерді дамытуды ынталандыруымыз қажет. Жер қойнауын геологиялық барлау көле­мін арттыру үшін биылдан бас­тап қаржыландыру көлемін едәуір ұлғай­­тамыз. Біз жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру бойынша аукцио­ндардан түсетін бонустардың қаражаттарын геологияны дамытуға бағыттау тура­лы шешім қабылдадық. Биыл бұл сома кемінде 30 млрд теңгені құрайды. Аталған қаржы көлемі әлі де арта түседі. Қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүріп жатыр», деді ол.

Үкімет саланы жаңғырту үшін Ин­дустрия 4.0 құралдарын белсенді енгізіп жатыр. Автоматтандыру, жасанды интеллект, үлкен деректермен жұмыс істеу – бәрі де тау-кен металлургиясының болашағын айқындайды. Бұл технологиялар тек өнімділікті ғана емес, еңбек қауіпсіздігін де арттырады.

«Кеншілер мен металлургтердің өмірі – еңбектің нағыз ауыр түрі. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан ірі кәсіпорындар өндірісті жаңғыртып, жаңа технологияларды енгізуге көшуге тиіс. Біз қазба байлықтың қаншалықты мол екенін өзіміз де толық білмейміз. Геология – кез келген кеніштің бастауы. Сондықтан бұл салаға нақты инвестиция құймай, тұрақты даму туралы айту қиын», деді Премьер-министр.

Үкімет ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуді көздеп отыр. Жаңа технологияларды өндіріске енгізу, сирек және маңызды металдардан жоға­ры технологиялы өнім жасау – осының барлығы ғылыми әлеуетке тікелей байланысты. Осыған байланысты Премьер-министр Ғылым және жоғары білім министрлігіне бір ай ішінде сала мамандарын даярлау бағдарламасын әзір­леуді тапсырды. Сонымен қатар жаңа өндірістерді ғылыммен байланыстыру қажеттігіне назар аударды.

Алдағы уақытта Өнеркәсіп министр­лігі ірі тау-кен кәсіпорындарымен бірле­сіп, жүйетүзуші кәсіпорындар айнала­сында шағын және орта бизнес белдеуін құруды ынталандыратын іс-шараларды ескере отырып, жоғары деңгейде өң­делген өнімдер шығару бойынша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.  Сон­дай-ақ Өнеркәсіп министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аса маңыз­ды және сирек металдар негізінде техно­логиялық тұрғыдан инновациялық өнім өндірісін дамытуды қамтамасыз етпек. Жобалар қосылған құны жоғары өнімдер жасауға бағытталуы қажет. Бұл технологиялық күрделі өндірістерді дамыту үшін қажетті құзыреттерді күшейтіп, өсу әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұйық цикл­ды экономиканы құру үшін металдар мен өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу шараларын әзірлеуге тиіс.

 

Көші-қон цифрлық бақылауға алынады

Елімізде көші-қон саясаты түбегейлі қайта қаралатын болды. Жиында мигра­циялық бақылауды күшейту, цифр­лық жүйелерді интеграциялау және заңсыз көші-қонмен күресу жолдары талқыланды. Көші-қон тақырыбы елдегі демографиялық саясатпен, ұлттық қауіп­сіздікпен және өңірлік теңгеріммен тікелей байланысты болғандықтан, Үкі­мет бұл салада жүйелі әрі нақты қадам­дарға көшкелі отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпова мен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов өз салалары бойынша есеп берсе, Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ақпараттық жүйелерді біріктіру мәселесін көтерді. Отырыста айтылған дерекке сүйенсек, кейінгі 2 жылда Қазақстанда тұрақты тұ­ратын шетелдіктердің саны бір жарым есеге артқан. Бұл елге сырттан ке­лу­­­шілердің саны артып жатқанын көрсетеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойын­ша, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. Бұл еліміздің тұруға және жұмыс істеуге деген тартымдылығы қалпына келгенін көрсетеді. Халық көп келген өңірлер Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары болды.

Премьер-министр жаһандық геосаяси өзгерістер мен миграция­лық ағын­дардың күшеюі жағдайында халықтың көші-қон мәселесі аса маңызды басымдыққа айналып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыру керек. Ол үшін нормативтік құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Заңсыз көші-қон, өңіраралық диспропорция және көші-қон ағындарын бірыңғай есепке алудың болмауы сияқты барлық өзекті мәселе бойынша жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдануға тиіс», деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов шекарадан өткен кезде берілетін мигранттың жеке ID-картасын енгізуді жеделдетуді тапсырды. Бұл құрал көші-қон ағындарын жүйелеуге және нақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2025 жылдың 1 қарашасына дейін көші-қонды есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеу міндеті қойылды. Үкімет сондай-ақ шетелде жұмыс істеуге кететін қазақстандықтар мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Енді азаматтарды сыртқа жұмысқа жіберетін жеке агенттіктердің қызметі лицензияланады. Жыл соңына дейін осы бағытта заңнамалық өзгерістер әзірленбек.

«Біз өз азаматтарымыздың шетелге заңды және қауіпсіз негізде шығуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілік. Бұл қандастардың жеке және кәсіби артықшылықтарын бағалауға мүмкіндік береді. Оларды еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге назар аудартылды. Қандастар­дың әлеуетін дұрыс бағалап, оларды елі­міздің солтүстік және шығыс аймақ­тарына тарту керек. Бұл – ұлттық мүдде», деді О.Бектенов.

Осы жылдың 1 қазанына дейін Еңбек министрлігі Үкіметке жаңа Көші-қон және демографиялық саясат тұжы­рымдамасының жобасын ұсынуға тиіс. Құжат 2030 жылға дейінгі өңірлік саясатпен үйлестіріледі. Сонымен қатар этникалық қазақтар үшін (қандастар) елге келмей тұрып онлайн сауалнама жүргізу құралдары енгізіледі. Бұл олар­дың біліктілік, тәжірибе және тіл мең­геру деңгейіне қарай елдің нақты өңірлеріне тиімді орналастыруға мүмкіндік береді.

Көші-қон заңнамасын бұзған шетел­діктер мен оларға көмектескен отандас­тарымызға қатысты әкімшілік жауап­кершілік шаралары күшейтіледі. Ішкі істер министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдарға осы бағытта жұмыс істеу тапсырылды. Қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мемлекеттің басты міндеті екенін Үкімет басшысы нақты жеткізді.

 

Стартаптар миллиардтап табыс тауып жатыр

Тау-кен өнеркәсібін цифрландыру бағытындағы жұмыс кейінгі жылдары жаңа қарқынмен жүріп жатыр. Astana Hub экожүйесінде дәл осы салаға арналған IT-шешімдер ұсынатын компаниялар бүгінде айтарлықтай нәтижеге жеткен. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Astana Hub-қа мүше тау-кен секторына бағытталған стартаптар өндірісті жоспарлау мен басқаруға арналған бағдарламалық жасақ­­тамалар, кен орындарының сан­дық егіздерін құру, мониторинг пен тал­дауға арналған жүйелер, сондай-ақ қауіп­сіздікті қамтамасыз ететін түрлі цифр­лық құрал жасап шығарған. Бұл стартаптардың табысы 5 млрд теңгеден асып, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.

«Технопаркке қатысқан сәттен бас­тап компаниялар 5 миллиард теңге­ден астам табыс тауып, жүзден аса жұмыс орнын құрды. «Экологиялық мони­торингке арналған шешімдер шы­ғарындыларды, судың ластануын және қоршаған ортаның жалпы жағ­­дайын нақты уақытта бақылауға мүм­кіндік береді. Бұл – кен орындарында қауіпсіздік пен жауапкершілікті арттырады. Сондай-ақ, Қазақстан жоғары білікті IT-мамандар үшін барынша қолайлы орта қалыптастыруға күш салып отыр. Министрдің сөзінше, елде екі жаңа бағдарлама іске қосылған: Digital Nomad Residence және Digital Nomad Visa», деді Ж.Мәдиев.

Цифрлық даму министрлігі бұл табыспен тоқтап қалмақ емес. Үкіметке ұсынылған жаңа шаралардың ішінде өндірісті Industry 4.0 стандарттарына сай цифрландыру, шалғайдағы кен орындарын жоғары жылдамдықты интернет және сенімді IoT-байланыспен қамтамасыз ету сияқты бастамалар бар. Бұған қоса, жасанды интеллектке негізделген экологиялық мониторинг жүйелерін енгізу ұсынылып отыр.

Бірінші бағдарлама шетелдік ІТ-ма­мандарға Қазақстанға келмей-ақ, тұруға ықтиярхатты онлайн түрде алуға жол ашады. Бұған дейін мұндай мәртебе алу үшін шетелдік маман елге келіп, ЖСН мен ЭЦҚ алып, табысын растауға тиіс болатын. Енді бұл үдерістің бәрі қашықтан, толық онлайн жүреді.

Ал екінші бағдарлама Digital Nomad Visa – цифрлық көшпелілерге Қазақстанда бір жыл бойы жұмыс істеу­ге және тұруға мүмкіндік береді. Бұл да онлайн түрде рәсімделеді және Қазақ­станда цифрлық еңбек нарығын заңдас­тыруда алғаш рет қолданылып отыр.

«Бүгінде өтініш беру үдерістері astanahub.com және egov.kz порталдары арқылы жүзеге асады. ЖСН мен ЭЦҚ-ны да енді шетелден рәсімдеуге бо­лады, кірісті растау талабы алынып тас­­талды. Бұл шетелдік IT-мамандар­дың елімізге келіп, заңды түрде жұмыс іс­теуін айтарлықтай жеңілдетті. Бүгінде бағдарламаға қатысуға 204 өтінім түсті. Алжир мен Ботсвана азаматтарына алғашқы екі виза берілді. Бұл заманауи тех­но­логиялық көші-қон саясатын қа­лып­тастыру жолындағы маңызды қадам», деді Ж.Мәдиев.