Мәселе • Бүгін, 10:00

Шахтадағы апатты азайтудың амалы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлытаудағы «Жомарт» кенішінде биыл болған апат елдегі тау-кен саласындағы қауіпсіздік мәдениеті мен бақылау жүйелерінің сын көтер­мей­тінін тағы бір мәрте айғақтады. Сарапшылардың айтуын­ша, көптеген шахта мен кеніште желдету жүйелері ескірген; газ және өрт дабыл қон­дыр­ғылары жеткіліксіз; қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту формальды түрде өтеді; бақылау мен алдын алу тетіктері әлсіз.

Шахтадағы апатты азайтудың амалы

Сурет: malim.kz

Кеніштегі апат: жүйелік олқылық па, әлде адами қателік пе?

«Кейінгі жылдардағы өндіріс­­тік жарақат алу қаупі жоғары нысан­­дар қатарына «Qarmet» АҚ-ның ­«Ленин», «Саран», «Шахтинск», «Кос­тен­ко», «Абай», «Қазақстан» шахта­лары және «Қазақмыс кор­по­­рациясына» қарас­ты Г.Омаров атындағы Шахтақазу тресі­нің «Жомарт» кенішi жата­ды. Жүргі­зілген талдау нәтижесінде өн­діріс­тік жарақаттану себебі ретінде – жабдықтардың ескіруі, жұмысты ұйымдастырудың тиімсіздігі, атап айтқанда – жұмыс орнының ұзақ уақыт желдетілмеуі айтылды. Бұл қауіпті газдардың жиналуына әкеліп соққан. Қауіпті өндірістік факторлар үшін жауапты тұлғалар тарапынан тиісті өндірістік бақылаудың болмауы, еңбек және өндірістік тәртіп­тің бұзылуы, қауіпсіз еңбек әдісі мен тәсіліне оқытудың жеткіліксіздігі, жұмыс орнының талапқа сай күтіп ұсталмауы мен басқа да себептер анық­­талды», дейді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Бибарыс Тәңірбергенұлы.

Айтуынша, жазатайым оқиға себебінің бірі – еңбек қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулық талабының орындалмауы. Кейінгі 3 жылда елдегі кәсіпорындарда 4 347 адам зардап шегіп, 656 адам көз жұмған.

 

Нәтижеге жетудің жолы қайсы?

Сарапшылар бұл жағдайды тек жеке компанияның емес, жалпы мемлекеттік бақылау және өндірістік қауіпсіздік саясатының дағдарысы ретінде қарастыруды ұсынады. Мысалы, шетелдік тәжірибе бойынша, шахтада әр метр сайын газ қондырғысы орнатылады. Кеншілердің жұмыс уақыты, қауіпсіздік формасы мен эвакуациялық дайындық қатаң қадағаланады. Кәсіподақтар нақты құқыққа ие әрі оларды елемеу – заң бұзушылық болып есептеледі. Әзірге бұл тетіктер бізде толық іске аспай отыр.

«Жомарт» кенішіндегі апат – жай ғана «техникалық ақау» емес. Бұл – елдегі өндірістік қауіпсіздік жүйесіне үлкен ескерту. Жеті кеншінің қазасы – отбасыларына орны толмас қайғы ғана емес, мемлекеттің, компаниялардың және бүкіл қоғам­ның жауапкершілігіне қойылған ауыр сұрақ. Егер осы сұраққа ашық әрі әділ жауап берілмесе, келесі апаттың қашан және қай жерде болатыны – тек уақыт еншісінде», деді бас сарапшы.

Бүгінде Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс­ке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мысалы, 93 және 94-баптарда «ескерту» түріндегі жазаның орнына «әкімшілік айыппұл» көзделді. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тікелей жауапты лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту нормалары енгізілді. 93, 94, 95, 96-баптар бо­йынша еңбек қауіпсіздігі мен ең­бекті қорғау талаптарын бұзғаны ­үшін айыппұл мөлшерлері ұлғай­тыл­ды (бұзушылық үшін 200 АЕК-ке дейін, қайталап бұзған жағдайда 400 АЕК-ке дейін). Аталған Заңға жыл басында Президент қол қойып, қабылданды.

Бибарыс Тәңірбергенұлының айтуынша, мемлекеттік бақылау тұ­рақты жүргізіледі. Биыл 6 айда Еңбек қауіпсіздігі талабының бұ­зы­лу фактілері бойынша еңбек инс­пек­торлары тарапынан құқық қор­ғау органдарына 439 жазатайым оқиғаны тергеу материалы жолданып, соның негізінде 139 қылмыс­тық іс қозғалыпты.