Жоба • Бүгін, 09:15

Құрылыс индустриясына серпін беретін жоба

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорғанда автоклавты қатайтылған газбетон блоктарын шығаратын заманауи зауыт іске қосылды. Жаңадан ашылған зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 150 мың текше метр. 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отырған жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған.

Құрылыс индустриясына серпін беретін жоба

Суреттерді түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Индустриялық аймақта орна­ласқан жаңа зауыттың ашылу салтанатында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов сөз сөйлеп, зауыт ұжымын және жиналғандарды тарихи сәтпен құттықтады.

«Жетісу облысы құрылғаннан бері өнеркәсіптік өндірістің көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, кейінгі үш жылда бұл көр­сеткіш 16,8%-ға өсіп, 347 млрд теңгеге жетті. Жалпы, өңірде осы уақыт ішінде 85 млрд теңгеге 35 жоба жүзеге асты. Оның ішін­де жел және су электр стансала­ры, аккумулятор мен күн панельдерін шығаратын зауыттар бар. Құрылыс қарқыны жоғары Жетісуда осындай өндіріс орындарының ашылуы – уақыт талабы. Себебі өңірде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жаппай салынып жатыр. Жаңа зауыт жергілікті құрылыс саласын сапалы, қолжетімді материалмен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік өнімдерге тәуелділікті де азайтады», деді облыс әкімінің орынбасары.

бетон

«Стальбетон» ЖШС-ның бұл бастамасы – ел экономикасын әртараптандыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі. Кәсіп­орын директоры Қалқабай Мұса­­нов осы маңызды іске атса­лыс­қан барлық маманға алғыс білдіріп, ұжымды жаңа белестерге ша­қырды. Оның айтуынша, зауыт­тың іске қосы­луы – үлкен еңбектің, жүйе­лі жұ­мыстың, жауап­ты көзқа­растың нәтижесі.

«Өңірде өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құ­ры­лыс салалары қарқынды дамып келеді. Осы бағыттарда басталған тың жобалар өңірдің болашақтағы экономикалық тірегіне айналмақ. Жаңа өнді­ріс ордасының ашылуы тек экономикалық жаңалық емес, бұл – өңір тұрғындары үшін үлкен үміт, жас мамандар үшін мүмкіндік, ал Жетісудың бола­шағы үшін жарқын жолдың ­бастауы», дейді Қ.Мұсанов.

Жаңа зауыт – тек құрылыс индустриясына емес, жалпы облыс­тың әлеуметтік-экономи­калық дамуына оң серпін беретін бастама. Біріншіден, жергілікті халыққа жұмыс орны ашылады. Екіншіден, аймақтағы құрылыс компанияла­ры сапалы отандық өнімге қол жет­кізеді. Үшіншіден, өндіріс им­портты алмастыру саясатына нақ­ты үлес қосады. Кәсіпорынның өн­дірістік директоры Дәурен Нұ­ра­лы зауыттың жұмысы мен артық­шылықтары жөнінде айтып өтті.

«Бізде шығарылатын автоклавты қатайтылған газдалған бетон кірпіштер заманауи талап­тарға сай. Олар Қытай технологиясы бойынша өндірі­ле­ді, ал жаб­дықтар халықара­лық стан­дарттарға жауап бере­ді. Жер­гілікті мамандар арнайы оқудан өтіп, заманауи технологиямен жұмыс істеуге бейімделді. Біздің өнімнің бас­ты артықшылығы – жылу сақ­тау қабілетінің жоғары болуы. Қыстың қақаған суығында – үйді жылы ұстаса, жаздың аптабында – салқындықты сақтайды», деді Дәурен Нұралы.

Зауыттың тегін жатақханасы бар. Қызметкерлер күніне үш рет ыстық тамақпен қамтылады. Жұмысқа орналастырылған мамандар арасында Ақсу ауданынан келген жас отбасы да бар.

«Зауытқа бірінші болып өзім, содан кейін жұбайым орналасты. Менің маман­ды­ғым тәрбиеші, күйеуім ІТ саласының маманы. Отасқа­нымызға 8 жыл болды, үш баламыз бар. Зауытта арнайы дайындықтан өттім, қазір табысты жұмыс істеп келемін. Жұмыс кестесі жас отбасымыз үшін қолайлы, жалақымыз тұ­рақты», дейді Минар Дүйсебек.

 

Жетісу облысы