Үкімет • Бүгін, 11:15

Салаларды цифрлық трансформациялау қарқыны талқыланды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылған суперкомпьютер негізінде жасанды интеллект экожүйесін дамыту бағыттары қаралған. QazTech платформасы базасында салалар мен мемлекеттік органдардың жұмысын одан әрі цифрлық трансформациялауға назар аударылды, деп жазады Egemen.kz.

Салаларды цифрлық трансформациялау қарқыны талқыланды

Фото: Үкімет

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ЖИ инфрақұрылымын құру туралы баяндады. Оның айтуынша мемлекеттік органдардың деректерді өңдеу орталығы таяуда іске қосылған суперкомпьютерге кіріктірілді.

Қазақстанда институционалдық ортаны қалыптастыру үшін 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ-ді дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленді. ЖИ саласында кадрлар даярлау үшін AI Corporate, TUMO Center, AI People және тағы да басқа білім беру бағдарламалары іске асырылады. E-agent, egov AI, AI-терапевт, tax helper, SDU және E-аудармашы сияқты әзірленіп жатқан цифрлық шешімдер туралы мәліметтер тыңдалды.

Жиын барысында салаларды цифрлық трансформациялау қарқыны қаралды. QazTech ұлттық платформасы цифрлық өнімдерді жедел құруға арналған.

Министрдің айтуынша, цифрландырудың платформалық моделін енгізу жаңа IT-шешімдерді іске қосу мерзімін 1,5-3 жылдан 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Платформа бірыңғай стандарттарды, security by design қағидаты бойынша қауіпсіздікті және бұлтты технологияларды қолдануды қамтамасыз етеді. QazTech сынақтары ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес аяқтаып, толық іске қосу тамыз айына жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда QazTech платформасында мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет-порталы, Smart Bridge, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тиесілі Қоршаған ортаның ұлттық мәліметтер базасы және тағы басқалар жұмыс істеп тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде барлық мемлекеттік органдар бір уақытта озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, соның ішінде Сингапур тәжірибесін қоса алғанда, цифрлық трансформация карталарын әзірлеп жатыр.

Бұл карталар жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдана отырып, негізгі процестерді жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталған. Басты назар ескірген процедураларды қайта өңдеуге, деректерді цифрландыруға, сондай-ақ, E-Otinish, 109 және әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен азаматтардың сұраныстарын қайта өңдеуге бағытталған. Карталар шеңберінде негізгі басымдық үдерістердің реинжинирингіне және жасанды интеллектті қоса алғанда, перспективалы технологияларды енгізуге берілген.
Премьер-министр іске қосылған суперкомпьютерді қоса алғанда, құрылып жатқан ЖИ ұлттық инфрақұрылымы мемлекеттік органдардың қызметіне жасанды интеллект енгізу жөніндегі жұмысты жандандыра түсуде үлкен мүмкіндіктер беретініне назар аударды.

Жиын қорытындысында Олжас Бектенов бір айдың ішінде цифрлық трансформация карталарына қатысты жұмысты аяқтауды тапсырды. Бұл ЖИ-ды интеграциялауға негізі болмақ, сондай-ақ бизнеске де мемлекеттік деректер базасында өз жобаларын жасауға мүмкіндік береді.