
Саладағы елеулі жаңалық – биыл Астанада іске қосылған «Stadler Kazakhstan» зауыты. Швейцариялық технологияға негізделген бұл кәсіпорын – теміржол машина жасауында өндірісті оқшаулау мен трансформацияны тереңдету бағытындағы маңызды қадам. Зауыт тек өнім өндірумен ғана шектелмей, жаңа технологиялар мен маман даярлау ісін қатар алып жүруге мүдделі. Бұл өз кезегінде жергілікті қамтуды арттырып, еліміздің өндірістік тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосады.
Аталған кәсіпорынмен қатар, елімізде теміржол техникасын шығарумен айналысатын тағы төрт өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Олар – Петропавл, Екібастұз, Атырау және Астанада орналасқан кәсіпорындар. Бұл зауыттар ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де біртіндеп дамытып келеді.
Бүгінде Қазақстан теміржол көлігін жаңартуға ерекше назар аударып отыр. Көлік министрлігі қызмет ету мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға шектеу енгізу бастамасын көтерді. Бұл – қауіпсіздік пен сапаны бірінші орынға қоюға бағытталған қадам. Қазіргі уақытта тиісті нормативтік құжат әзірленіп, келісу рәсімдерінен өтіп жатыр.
Шектеу енгізу арқылы ескі вагондар біртіндеп нарықтан шығарылып, оның орнына заманауи, экологиялық және техникалық талаптарға сай жаңа жылжымалы құрам енгізілмек. Бұл шара вагондар паркінің жасаруы мен отандық зауыттарға деген сұраныстың артуына жол ашады.
Бұл бастаманы дер кезінде жүзеге асыру үшін Үкімет те тиісті тапсырмаларын жеделдетіп отыр. Вице-премьердің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі нормативтік құжаттың жедел қабылдануына қажетті рәсімдік кедергілерді қысқа мерзім ішінде шешуге міндеттелді. Бұл – нақты шешімдер кезеңіне өтіп жатқан бастаманың жақын арада іске асырылатынын білдіреді.