
Фото: Ерлан Омар
Сөзбен жеткізе алмағаныңды суретпен астарлап, әзілдеп жеткізу өнері біздің елде кенжелеп жатыр десек, ол фактіні жоққа шығара алмаспыз. Карикатурашылар да елімізде санаулы-ақ. Солардың бірі, бірегейі – Күршім ауданы Теректібұлақ ауылының тумасы Айдарбек Ғазизов. Түйреп өтетін бұл сурет өнерінің қыр-сырын бала жастан меңгеріп, кейін әлемдік көрмелерде топ жарып жүрген ол зейнеткерлікке шыққанымен, шығармашылықтан қол үзген жоқ. Үнемі ізденіс үстінде.
Шығармашылық баспалдағына қайырыла бір қарасақ, суретшілік жолға түсуге ең әуелі мұрындық болған ұстазы Уәш Ақаева екен. Бірде қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін Уәш мұғалім әлемнің ғұлама суретшілері туралы сынып сағатын өткізетін болыпты. Сонда әр оқушыға тақырып етіп белгілі суретшілерді бекітіп береді де, Айдарбекке өзің туралы айтасың деп тапсырған. Ұстаздың мұндай сенім білдіргені, кішкентай суретшінің арманына қанат бітіргендей еді. Ашық сабақта ғұлама суретшілермен қатар кішкентай Айдарбектің есімі аталып жатуы бақыттың шыңындай көрінген. Оған дейін мектепте үнемі «Найза» деген қабырға газетін шығарып жүріп, мұғалімдер мен оқушылардың көзіне түскен.
– 1950 жылдары қазақ баспасөзі сатирасының ауыртпалығын көтерген жалғыз суретші Николай Казанцевті білмейтіндер кемде-кем шығар. Сол жылдары ол «Ара» журналында редактор болып жұмыс істеген. Журналға шыққан Казанцевтің суреттерін 5-сыныптан бастап жинадым. Журналды келе сала бір қарап шығып, суреттерін қиып алатынмын. Карикатуралары екі альбом, достық әзілдері бір альбом болды ғой деймін. Мөлшермен 700-800 сурет жиналды. Жатарда карикатураларын қолшаммен қарап жататынмын, – дейді Айдарбек Ғазизов бала шағын еске алып.
Николай Казанцев Семей өңірінде туып-өскен. Кейін Айдарбек ағамыз әскерден келгеннен кейін өнерімен тәнті еткен суретшіні көргісі келіп, Алматыға тартқан. Карикатураларын жинақтаған альбомын ала барып, кішкентайынан жинаған суреттерін көрсеткен. Сөйтсе, өз архивінде жоқ суреттерді жас суретшінің альбомынан көріп басын шайқапты. Казанцевтің үйінде айналдырған екі күн қонақ болып, академияны аяқтағандай қайтқанын айтып қалды әңгімесінде. Кейін ауылдағылар Қазездің ұлы Казанцевпен кездесіпті деп қуанған екен.
– Қолыма қылқаламды алғаш алғанымда табиғат, портрет салып жүрдім. Еңбек адамдарын бейнеледім. Мектепте Көкен Байдағұлов деген мықты суретші болды. Бірақ бізге бір-ақ жыл сабақ берді. Есімде, Көкен ағаның 24 түрлі бояу қарындашы бар деп таңданатынбыз. Сол кісі кенеп тартуды, грунт жағуды, оны кептіріп, майлы бояумен картина салуды үйретті, – дейді салиқалы, салмақты әңгімесін жалғап отырған Айдарбек аға.
Тың жанрды қолға алған Теректі Бұлақ тумасы шығармашылыққа мақсатты түрде кіріседі. Әрине, ә дегенде кездескен қиындықтар аз болмаған. Өз-өзін шыңдау үшін латыштардың, немістердің карикатура журналдарын ала бастаған. Сурет салу техникасын түзеп-күзеп, шетелдерге жібере бастаған. Көп уақыт өтпей Ресейдің, Кореяның, Чехияның баспасөздеріне басыла бастаған. Көрмелерге қатысу туралы ұсыныстар түскен. Түркияда өткен көрмелердің біріне қатысып, 1400 суретші арасынан он үздікке ілінген. Сөйтіп, Айдарбектің аты карикатура саласында әлемге таныла бастады. Суреттері Мысыр, Дания, Германия, Бразилия, Бельгия, Аргентина, Англия, Америка сынды мемлекеттерде өткен байқауларда топ жарды. Жоғарыда айтқанымыздай, осы жетістіктердің ең басында кейіпкеріміздің сынып жетекшісі Уәш Ақаева тұр еді.
– Сол кісі өнерге, суретке деген көзқарасымды қалыптастыруға септігін тигізді. Ал апам атамның ауылда шебер, құрметті кісі болғанын айтты. Әжемнің ақылын көп тыңдадым. Кейінірек кеңшардан суреттерге көлемді тапсырыстар түсіп жатты. Әжем сонда: «Ананы салдым, мынаны салдым деп бұлданба. Қазездің баласы салды деп ел айтсын. Сонда ғана сенің мойындалғаның», деп ескертетін, – дейді Айдарбек Ғазизов.
Сөйтіп, арманына қанат біткен бала оқуға аттануға бекінеді.
1976 жылы ауыл мектебінің директоры ауданға келген екі жолдаманың біреуін Айдарбекке алып бергенімен, оқуға бара алмай, жолдама жарамсыз болып қалған. Кейін ауыл ақсақалдарының ақылымен бақташы болып жүрген жерінен оқуға жіберген. Кезекті каникулдың бірінде ауылға келгенінде мәдениет үйінің бастығы үйіне қонаққа шақырып, ауыл тақырыбында картиналар жазатын Пластев деген суретшінің альбомын сыйлапты. Бірінші бетінде «Суретіңді әлем танысын» деген тілегін жазған. Ол лебіз орындалды да.
Оспанхан Әубәкір, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайлин, Шона Смаханұлының кітаптарын оқып өскен ол Шона Смаханұлымен де кездесті. Сонда Шона ағамыз: «Сурет өнерін бастаған екенсің, тастап кетпе. Сөзбен жеткізе алмағаныңды суретпен жеткізе аласың», деп бағыт-бағдар беріпті.
– Ол заманда карикатурашыларға атақ бергенді қойып, Суретшілер одағына қабылдамайтын. Сөйтіп, жүргенде алғашқы карикатураларымның бірін Қали Сәрсенбаев Алматы облысының «Жетісу» газетіне пайдаланды. Суретке суға батып бара жатқан қайықтан қашқан тышқанды салған едім. Ол суреттің астарына үңілсек, өз тілінен қашқандар бейнеленген. Сол тақырыпты көптен бері ішіме түйіп жүргенмін. «Өз тіліне жаны ашымаған – жәндік» деген тақырыппен шықты. Партияның құламаған кезі ғой. Қоңырау шалып, мақтау айтты. Бет-бет қылып жазғаннан бір сурет салған артық десті көбі. Пәлсапалық деңгейге жеттім деп қатты қуандым. Тағы бірде «Теспей сорған» деген сурет салдым. Қазақтың басына қонған масалар бейнеленген сурет еді. Бұған да көпшілік риза болды. Ізденіп жүріп, қазақ сатирасын әдебиеттің бір жанры екенін мойындатқан Темірбек Қолжекеевтің лекциясына қатысуға рұқсат алдым, – деп азды-көпті естеліктерімен бөлісті кейіпкеріміз.
Әділдікті ту еткен әйгілі карикатурашы Айдарбек Ғазизовтің ендігі жоспары – ұстазына арнаған көрмені ойдағыдай өткізу. Бірде жазушы Талаптан Ахметжанов «Мен суретші бола алмадым, ал Айдарбек Ғазизовтің қолтума дүниелері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланып жүр. Биыл Алматы көркемсурет училищесінің мультипликация бөліміне оқуға түсті. Шәкіртіңізге деген алғашқы қуанышыңызда үлкен үміт, зор сенім жатқанын енді түсінгендеймін» деп ұстаздары Уәш Ақаеваға хат жазыпты. Иә, шәкірттің шыңға жетіп жатқаны – ұстаз үшін үлкен бақыт. Алдағы уақытта өтетін көрме де ұстазға деген құрмет, алғыс ретінде ұйымдастырылмақ.
Шығыс Қазақстан облысы