Бағдарламалар • Бүгін, 08:31

Enbek.kz – жастарға арналған цифрлық мүмкіндік

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің жазғы демалыс уақытында бос отырмай, еңбек етіп, алғашқы кәсіби тәжірибе жинауына мүмкіндік жасалып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруға «Электрондық еңбек биржасы» платформасы (enbek.kz) үлкен үлес қосып отыр.

Enbek.kz – жастарға арналған цифрлық мүмкіндік

Фото: gov.kz

Жаз – тек демалыс уақыты емес, алғашқы еңбек тәжірибесін жинап, өз бетімен табыс тауып көруге тамаша мүмкіндік. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, заңға сәйкес жұмыс істеуге рұқ­сат етілген 14 пен 18 жас аралығын­дағы мектеп оқушыларының саны 1,4 млн адамды құрайды, оның 26,5 мыңы – ерекше балалар.

Қазіргі таңда 24,3 мыңға жуық оқушы жазғы жұмыспен қам­тылған. Ең көп жұмыс істейтін салалар – сауда (5,3 мың бала) және тұрғын үй мен қоғамдық тамақтану қызметтері (3,6 мың). Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Әрине, оқушылар үшін еңбек – тек табыс көзі емес, өмірлік тәжірибе, кәсіби бағдар, тәртіп пен жауапкершілік мектебі.

Министр осы бағытта арнайы онлайн құралдардың іске қосыл­ғанын айтты. Атап айтқанда, «Электрондық еңбек биржасы» платформасында «Менің жазғы демалысым» атты бөлім ашылған. Бұл бөлім арқылы 14 жастан асқан мектеп оқушылары мен студенттер онлайн түрде тіркеліп, жеке каби­нет ашып, түйіндеме жария­лай алады. Бұл балалардың цифр­лық са­уатын арттырып, өз бетімен шешім қабылдай білуге дағды­ландырады. Ал 16 жасқа дейінгі оқушылар үшін тіркеу мен жеке ка­би­нет құруды олардың ата-анасы немесе қамқоршысы жүзеге асырады.

Жастардың еңбек нарығына бейімделуін жеңілдету үшін «enbek.kz» жүйесімен қатар «Skills.Enbek» онлайн-платформасы жұмыс істейді. Мұнда оқушылар өз қызығушылығына сай түрлі бағыттағы дағдыларды меңгере алады. Қазіргі таңда онда 1 200-ден астам курс қолжетімді, оның 322-сі – тегін, ал 137 курс қазақ тілінде ұсынылған. Бұл – кәсіби бағыт-бағдарын енді айқындап жатқан жас буын үшін таптырмас мүмкіндік.

Жас буын үшін тағы бір маңыз­ды шешімдердің бірі – болашақ мамандығын дұрыс таңдау. Осы ретте «Мансап компасы» атты платформа жастарға өз бейімділігі мен қабілетін анықтауға көмектеседі. Мұнда түрлі тестілеу арқылы кәсіби қызығушылықтар анықталып, сұра­нысқа ие маман­дықтар жөнінде кең көлемде ақпарат беріледі. Сондай-ақ қай оқу орнында білім алуға болатыны туралы нұсқаулар да қамтылған.

С.Жақыпова жазғы дема­лыс кезінде жергілікті әкім­діктер тарапынан қоғамдық жұ­мыс­тарды ұйымдастыру тәжі­рибесі жалғасатынын да атап өтті. Бұл жұмыстар арнайы дайын­дықты қажет етпейді, икемді кесте бойынша орындалады және экономикалық, әлеуметтік немесе экологиялық пайда әкелуге тиіс. Мұндай жұмыс үшін оқушыларға ай сайын кемінде 24 АЕК (2025 жылы – 94 368 теңге) көлемінде жалақы төленеді.