Білім • Кеше

Жас химиктер жарап тұр

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді жеті олимпиа­да бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Биылғы маусымды озат оқушыларымыз сенсациялық нәтижемен бастап отыр. Нақтырақ айтсақ, IChO-2025 Халықаралық химия олимпиадасында еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының төртеуі де жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін асқақтатты.

Жас химиктер жарап тұр

Биыл химия пәні бойынша 57-ші Халықаралық олимпиада Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік дода – дүниежүзіндегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі.  Айта кетерлігі, осынау білім бәйгесіне  әр мемлекеттен әрі кетсе төрт оқушы ғана қатыса алады. Ал Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушының төртеуі де тамаша нәтиже көрсетіп, екі алтын, екі күміс медальға қол жеткізді. 

«IChO Халықаралық химия олимпиадасына Қазақстан құрама командасы алғаш рет 1998 жылы қатысты. Содан бері жүлде қоржынымыз 12 алтын, 37 күміс, 48 қола жүлдемен толықты. Ал биылғы нәтижеге келер болсақ, Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Абылай Қабдулхадыр мен Кирилл Ким алтын медаль иегері атанса, күміс медальді Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Аңсар Жақсылықов пен Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Еңлік Бақытбекова иеленді. Айта кетерлігі, Кирилл IChO-да осымен екінші рет алтыннан алқа тағып отыр, ал Абылай өткен жылы дәл осы халықаралық додада күміс медаль иеленсе, биыл нәтижесін жақсартып, бірінші орынның тұғырынан көрінді.

Қазақстан құрама коман­да­сының жетекшісі Санжар Бег­да­йыр мен Ринат Елеусізовтің айтуынша, биылғы нәтиже – рекордтық көрсеткіш.

«Екі кезеңнен тұратын олимпиаданың алғашқы теориялық сынағында біздің оқушылар еш мүдірмеді. Ал практикалық кезеңнің есептері біршама күрделі болған. Бірақ балалар осылай шыңдалады, нәтижелері де жылдан жылға жақсарып келеді. Жалпы, сайыс өте тартысты өтті. Өйткені биыл жарысқа қатысушы мемлекеттер саны біршама артқан. Айта кетерлігі, еліміз дәл осы Химия олимпиадасынан төртінші жыл қатарынан алтын медаль алып келеді. «Чемпион болу қиын. Чемпиондықты сақтап қалу одан да қиын» дегендей, биыл да оқушыларымыз ел үмітін ақтап, бұған дейінгі рекордтық көрсеткішті жаңартты», дейді С.Бегдайыр.

Құрама команда мүшелері Олим­пиаданың алдында Оқу-ағар­ту министр­лігінің, «Дарын» рес­публикалық ғы­лы­­­ми-прак­­тикалық орта­лығы­ның қол­дауы­мен бірне­ше респуб­ликалық және халық­аралық оқу-жаттығу жиынына қатысып, білімдерін шыңдаған. Содан кейін жүздеген оқушыдан үздік төртеуі іріктеліп, әлемдік додада бақ сынады.

Айта кетейік, халықаралық ірі олим­пиа­­даларда жеңіске жеткен оқушыларға елі­­міздің жоғары оқу орындарына кон­курс­тан тыс грантпен оқуға түсуге мүм­кін­дік бері­леді. Сондай-ақ ақша­лай сыйақы төле­неді әрі оқушыларды дайын­даған тәлім­­гер­леріне де марапат қарас­тырыл­ған.