Медицина • Бүгін, 08:55

Күрделі операция сәтті өтті

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта тараздық дәрігерлер күрделі операцияны жиі жасап жүр. Бұл жолы Тараз қалалық көпбейінді аурухана мен консультациялық-диагностикалық орталықтың білікті дәрігерлері мидың самай бөлігіндегі көлемді ісікті алу үшін тәуекелге бел буды. Науқастың жағдайын жан-жақты зерделеген ақ халатты абзал жандар жедел іске кіріскен.

Күрделі операция сәтті өтті

Сурет: zdrav.expert

Мамандардың айтуынша, 62 жастағы науқас бірнеше ай бойы басының сол жақ бөлігіндегі ісіктен зардап шеккен. Оң қолы мен аяғы сыздатып, жанына тыныштық бермеген. Тоқтаусыз мазалаған бас ауруы ақыры дәрігерлердің алдына апарыпты.

Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын дәрігерлер науқасты жедел магниттік-резонанстық томография­дан өткізіп, оноскрининг жасаған. Нәтижесінде, көлемі 6х6 құрайтын, ми құрылымдарына қысым келтірген әрі самай сүйегін зақымдаған қауіпті ісікті анықтаған. Ірі ісік бас сүйекке қысым келтіріп қана қоймай, ми тіндеріне дейін өтіп, қан тамырларымен тығыз байланысып кеткен. Операция жасау айтарлықтай қиын, қан кету қаупі жоғары болса да, Гиппократ антына берік мамандар тәуекелге бел буыпты.

Нейрохирург мамандар Еркебұлан Меркібеков пен Болат Кеңшіліктің айтуынша, күрделі операцияны жасау жұмысы екі кезеңді қамтыған. Бастапқы кезеңде дәрігерлер инвазив тәсілін қолданды. Ұтымды әдісті қолданудың нәтижесінде, сан артериясы арқылы миға жетіп, ісікті қоректендіріп тұрған қан тамырларын бітеп, операция кезіндегі қан кету қаупі барынша азайтылды.

Күрделі операцияның негізгі бө­лігін тәжірибелі мамандар Нұржан Әйтімбетов пен Алмаз Құралбаев атқарды. Сырқаттың самай сүйегін ашып, ісікті толық алып тастады. Сондай-ақ қатты ми қабатына пластикалық түзету енгізді. Үш сағатқа созылған операция сәтті аяқталып, науқастың маңызды ми құрылымдарына зақым келген жоқ.

«Дер кезінде жасалған күрделі операция сәтті өтті. Операциядан кейін науқастың жағдайы жедел оңалды. Бас ауруы басылып, оң жақ қол-аяғындағы әлсіздік тоқтады. Науқас өз бетінше жүріп-тұратын болды. Қазіргі кезде жағдайы тұрақты. Амбулаториялық бақылаумен үйіне шықты. Мұндай күрделі операцияны ойдағыдай жасау – командалық жұмыс­тың нәтижесі», дейді мамандар.

Операция әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды. Жалпы, мұндай санаттағы операция шұғыл жағдайда мемлекет кепілдігімен де ақысыз жасалады. Миға жасалатын күрделі операция үшін енді елордаға барудың қажеті жоқ. Өйткені өңірде жо­ғары технологиямен қамтылған нейро­хирургиялық көмек қолжетімді. Білікті дәрігерлер мен заманауи медициналық құ­ралдардың арқасында бұрын орта­лықта ғана жасалатын операциялар енді өңірде де қолға алынып жатыр.

 

ТАРАЗ