
Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК
Ескелді ауданында аталып өткен Алқап күнінде сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, бұл дақылдар фермерлерге экономикалық тұрғыдан тиімді. Сонымен қатар су үнемдеуге мүмкіндік беретін суарудың дискретті әдісі ұсынылып отырған көрінеді. Шараны ұйыстыруға мұрындық болған «Дүйсембинов А.К.» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Дүйсембиновтің сөзінше, аталған майлы дақылдар жергілікті климатқа бейім әрі өнімділігі жоғары дейді. Шаруа қожалығы қазір 4 шаруашылықты біріктіріп, 50 ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланып, 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Алқап күні аясында фермерлер, ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары және техника өндіруші компаниялар арасында тікелей пікір алмасуға мүмкіндік туды. Қатысушылар суды тиімді пайдалану, дақыл өнімділігін арттыру, техника паркін жаңарту, сондай-ақ ғылым мен бизнестің өзара ынтымақтастығы тақырыптарында өзара тәжірибе бөлісті. Жиын барысында Көксу ауданынан келген шаруалардың көл-көсір еңбегі де еленбей қалған жоқ. Көксу жұрты биыл да жерді иітіп, дән сеуіп, тіршілік тамырына қан жүгіртті. Ауданда 31 382 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Дәнді дақылдар – 10 500 гектарға, майлы дақылдар 11 478 гектарға егілген. Майбұршақ пен күнбағыс та жайқалып тұр. 1 822 гектар алқапқа қант қызылшасы егілген.
«Қант қызылшасы мен майбұршақ, Балпық бидің теріскейінде жайқалған бидай және Лабасыдағы жүгері алқаптары жіті назарда. Бүгінде аграрлық сала – ескіше қара кетпенмен емес, тың тәсіл, жаңа үлгімен жүзеге асырылатын күрделі жүйе. Суару, тыңайтқыш беру, зиянкеске қарсы шаралар сынды агротехникалық талаптарды қатаң сақтау керек. Бұл берекелі өнімнің алғышарты екенін ұмытпаған жөн», дейді аудан әкімі Дәулет Халелов.
Бүгінде Қабанбай ауылында қызу тірлік. Жер бауырын шаңдатқан соқалар мен дән сепкіш техникалардың гүрілі көңілге сенім ұялатады. «Көктемнің бір күні жылға азық» деп сенетін диқандардың қимылы ширақ. Сол қатарда Машен Байзақовтың егіс алқабына да соқа тісі тигелі біраз болған. Көктемгі мамыражай күнмен бірге қарбалас жұмыс бір тоқтаған емес. Өйткені биыл шаруашылықтың егіс көлемі артып, жұмыс ауқымы ұлғая түскен екен.
«350 гектар жерді құрайтын егіс алқабымыз суармалы және тәлімді болып бөлінеді. Оның 150 гектарына қант қызылшасын, 200 гектарына май бұршақ себуді жоспарладық. Техника, тұқым, тыңайтқыш пен дәрі-дәрмек қорымыз жеткілікті. Көктемгі егіс науқанына қажетті техникалар толық жөнделген. Егіс жұмысын ертерек аяқтаймыз деген сенімдеміз», дейді шаруашылық басшысы.
Жетісу облысы