Экономика • Кеше

Транзитте Орта дәліздің орны бөлек

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдардағы геосаяси жағдайда елдегі транзиттік бағыттарды әртараптандыру ісі бірінші орынға шықты. Сондықтан Орта дәліздің мүмкіндіктерін арттыру шарасы күшейді. Сондай-ақ, таяуда Каспий теңізінің түбімен Әзербайжан мен біздің ел арасында жоғары жылдамдықты интернет-кабель тарту жұмысы басталып кетті. Сонымен қатар, Транскаспий мұнай-газ құбырын салу мүмкіндігі де зерттеліп, тиянақталып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Транзитте Орта дәліздің орны бөлек

Былтырғы жыл қорытын­дысында Орта дәліз арқылы тасымал көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 65%-ға арт­қан еді. Еуразия кеңістігінің  ортасы­на орналасқан елімізде 11 халықаралық транзиттік дәліз бар екені мәлім. Олардың өткізу қабілетін арттыру мен жүк тасымалындағы жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың км болатын 4 ірі теміржол жобасының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда Достық – Мойынты, Алма­ты айналма желісі, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз темір­жол магистралдары бар. Осынау жолдар тауар тасымалдау мен логистикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр.

Есте болса, өткен жылы 12 мың км автожол жөндеуден өтсе, соның 7 мыңында жұмыс мәресіне жетті. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Бұқтырма көпірі, Шамалғандағы жол айрығы мен Түркістан өңіріндегі тунель транзиттік қозғалыстың сапасын едәуір арттырды. Биыл жөндеу жұмыстары 13 мың км жолды қамтиды. Оның қатарында республикалық маңызы бар жолдардың 2 мың км-де қайта жаңғырту, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың және жер­гілікті жолдардың 4,2 мың км-і жөнделмек. Бұйыртса, жоспар бойынша жыл соңына дейін 9 мың км жолда жұмыс то­лық аяқталады деген үміт бар.

Ел Президентінің тап­сыр­масына сәйкес, 10 мың км транзиттік автожолда ор­таша жөндеу жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Бұл жоба «Қазақ­стан Даму Банкі» арқылы қаржы­ланды­рылған. Атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары өңір­аралық және ауданаралық байланыстарды түзейді. Ондағы негізгі бағыттар – Қандыағаш – Шалқар, Жезқазған – Петропавл, Атырау – Доссор, Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз.

«Орташа жөндеу реконс­трукциямен салыстыр­ған­да 7 есе арзан әрі 2 есе жылдам жүреді, сондықтан бұл әдіс транзиттік инфра­құрылымды тиімді дамы­туға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар республикалық жол­дар­дың 94%-ын нормативтік талаптарға сәйкестендіруге жол ашады. Бұл өз кезегін­де транзит ағынын тарту­ға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және экономикалық тиімділікке оң әсер етеді», дейді Көлік министрлігі, Автожол комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.