Аймақтар • Бүгін, 09:40

Семейде жас геологтердің республикалық олимпиадасы басталды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысы Геологиялық барлау колледжінде мектеп оқушыларына арналған жас геологтердің екінші республикалық олимпиадасының ашылу салтанаты болды. Жарыс 8-15 шілде аралығында колледж базасында және Қарауыл шоқы оқу полигонында өтеді.

Семейде жас геологтердің республикалық олимпиадасы басталды

Жас геологтер олимпиадасы Гео­логия комитетінің қолдауымен «Жас геолог» корпоративтік қоры мен Гео­ло­гиялық барлау колледжінің ұйым­­дастыруымен өткізіліп жатыр. Жарыс­тың демеушілері – Kazakhmys, ERG, Kazzinc, Yer-Tai, Геокен, «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясы, «Ембімұнайгаз», «ProLabSupport» және «Solidcore Resources» компаниялары.

1

Олимпиаданың ашылу салтанатында демеушілердің бірі «Kazakhmys Barlau» компаниясы атқарушы директоры Қадыржан Қаулдашев жарыстың басты мақсаты жас геологтерді қолдау екенін жеткізді.

«Біз осы сайысты өткізе бастаған кезде елімізде небәрі жеті-сегіз команда ғана болатын. Қазір олардың саны жиырмадан асты. Бүгінде олар тіпті халықаралық олимпиадаларда жүлде алып жүр. Олимпиаданың мақсаты – жастарды ерте кәсіптік бағдарлау, оқушылардың геология ғылымдарын оқуға деген қызығушылығын, геоло­гияны ғылым ретінде және оның қолданбалы маңыздылығын арттыру, дарынды ба­лаларды анықтап, оларды қолдау, оқушы­лардың назарын геоэкология және жер қойнауын қорғау мәселелеріне аудару. Сондықтан барша қатысушыларға сәттілік тілейміз», деді компания өкілі.

2

Жарыс қорытындысында жекелеген пәндерде жеңіске жеткен оқушылар Satbayev University, Қазақстан-Британ техникалық университеті, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Ә.Сағынов атындағы Қа­рағанды техникалық университеті сынды жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болатыны да айтылды.

«Жас геологтер олимпиадасы – бо­лашақ мамандарды даярлауға жол ашатын кәсіби алаң ғана емес, сонымен бірге өскелең ұрпаққа туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім қалыптастыратын тағылымды бастама. Оған еліміздің 15 өңірінен 180 талапкер қатысып жатыр. Қатысушылар палеонтология, минералогия және петрография, магнитометрия, гидрогеология, геологиялық қима жасау, мұнай мен газды іздеу, дала жағдайында тұрақ ұйымдастыру және шлихті сынау секілді бағыттар бойынша бақ сынайды», дейді ұйымдастырушылар.

Жарыстың әділқазылар алқасының құрамына гранттық бағдарламаға қатысушы жоғары оқу орындарының беделді профессорлары мен білікті оқытушылары, сондай-ақ «Kazakhmys Barlau», «Qazaq Geophysics» және «ERG» компанияларының жетекші мамандары бар.

«Қазылар алқасы Satbayev Uni­ver­sity, Қазақстан-Британ тех­ни­ка­лық университеті, Семей қаласы­ның Геологиялық барлау колледжінің оқы­тушылар құрамынан жасақталды. Сайыс қорытындысы бойынша ең үз­дік жас геологтер командасы анық­талады. Сондай-ақ осы олимпиада аясында үздік жас геологтердің де есім­дерімен танысатын боламыз. Олим­пиада 15 шілдеге дейін жалғасады. Жеңімпаздар еліміздің ең үздік ЖОО-лары мен колледждерінде оқу гранттарын иеленеді. Олимпиаданың жабылу рәсімі 14 шілдеге жоспарланған», дейді бас төреші Нұрғаным Есімханова.

3

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – білім бәйгесі ғылым саласында жастардың танылуына таптырмас мүмкіндік. Байқауымызша, жарысқа қатысқан жастардың көбі аталған олим­пиадаға екінші рет қатысып отыр екен. Солардың бірі – жетісулық Ақжол Болат.

«Осы екінші республикалық жас геологтер олимпиадада сегіз түрлі жарыс болады, сол сегіз жарыстың мен мұнай мен газ іздеу және минералогия жарыстарына қатысамын. Бұл олимпиада – білім деңгейімізді шыңдай түсетін ең маңызды сайыс. Сондықтан барша қатысушыларға сәттілік тілеймін», дейді ол.

 

Абай облысы