
Зерттеуге 21 жыл ішінде 4 миллионға жуық ересек адам қатысқан. Осы уақыт аралығында олардың 16 мыңының орталық жүйке жүйесінің ісігі диагнозы қойылған, оның ішінде 4 600-і менингиома. Ғалымдар қатысушылардың он жылдық кезең ішіндегі ауа ластануына ұшырауын есептеп, көлік түтіні мен дизель қалдықтарына ерекше назар аударған. Нәтижесінде, ауа сапасы төмен аудандарда өмір сүрген адамдарда ми ісігіне шалдығу қаупі жоғары болғаны анықталған.
Ең үлкен қауіп факторы ретінде ультраұсақ бөлшектер аталды. Олар – көлік қозғалысы, түтін және өндірістік қалдықтардан бөлінетін микробөлшектер. Бұл бөлшектер қан-мидың табиғи қорғаныс тосқауылынан өтіп, ми тінін зақымдауы мүмкін. Бұған дейінгі зерттеулер де осы бөлшектердің нейродегенеративті ауруларға ықпал етуі мүмкін екенін болжаған.
Дания онкология институтының аға ғылыми қызметкері Улла Хвидтфельдт зерттеуге қатысты пікірінде: «Ультраұсақ бөлшектердің адам миына әсері туралы зерттеулер енді ғана қарқын ала бастады. Алайда бұл деректер олардың менингиоманың дамуына ықпал етуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл – ауа ластануы тек жүрек пен өкпе емес, ми үшін де қауіп төндіреді деген сөз», - дейді.
Зерттеу белгілі бір шектеулерге ие. Атап айтқанда, ол қатысушылардың тек тұрғылықты мекен-жайы бойынша сыртқы ауа сапасын бағалаған. Адамдардың жұмыста немесе үйде қаншалықты лас ауаға ұшырағаны ескерілмеген. Сонымен қатар, зерттеу себеп-салдарлық байланысты дәлелдемейді, тек статистикалық байланыс барын көрсетеді.
Ми ісігінің бұл түрінің нақты себептері әлі белгісіз. Бұған дейін қауіп факторлары ретінде сәуле әсері (әсіресе балалық шақта) және кейбір генетикалық бұзылыстар ғана белгілі болатын.
Ғалымдардың айтуынша, бұл бағыттағы зерттеулерді жалғастыру және ауаны тазарту бойынша шаралар қабылдау – қоғам денсаулығын жақсарту жолындағы маңызды қадам болмақ.