«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:20

Орнықты жоспар өрісті кеңейтті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Сырға сырттан келгендердің дені ең алдымен көшеден шашылып жатқан қоқыс көрмегенін сөз етеді. Тек облыс орталығы ғана емес, аудандар мен ауыл­дарда да айналасын таза ұстауға тал­пынғандардың қатары көбейген. Бірнеше жыл қатары­нан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі «Үлгілі елді мекен» жобасы да өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға дем берген бастама болды.

Орнықты жоспар өрісті кеңейтті

Өңірде осы бағытта 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік кешенді жоспар бекітілген. Жоспардағы жұмыстар аясында бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлер демеушілігімен ойын, спорт алаңдары, дема­лыс орындары қайта жаңғырты­лып, тұрғын үйлер мен әлеу­меттік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізіліп келеді. Демеуші жұмсаған 1 млрд тең­ге­ге қаладағы орталық алаң адам танымастай өзгеріп шыға келді. Қазір кеш бата қа­лалықтар сол алаңға қарай ағылады. Биыл қалалық мәдени-демалыс паркі мен Президент саябағы қолға алынды. Аудан орталықтарын­да да кәсіпкерлер көмегімен жаңа аллеялар салынып, көшелер кеңейіп, жұрт демалатын алаң­дар көбейіп келеді.

Жуырда ғана «Таза Қазақ­стан» экологиялық акциясы­ның іске асырылу барысы тал­қыланған мәжілісте аймақта жа­салған санитарлық тазалық жұ­мыстары бөлінісінің қоры­тын­дысы айтылды. Осы арқы­лы әлеуметтік, кәсіпкерлік ны­сан­дардың қасбетін қалыпқа келтіру, көше, жол бойы таза­лы­ғын қамтамасыз ету, жол бел­гілерін түзету жұмыстары жүйе­леніп келеді. Мекемелердің та­залығы, абаттандырылуы, та­лапқа сай болуы әр аумаққа бекітілген сала басшыларының жауапкершілігінде. Әсіресе ха­лық көп шоғырланатын темір­жол мен автовокзалдар айналасы тұрақты қадағаланады.  Тазалық қалаға кірер қақпа саналатын осы орындардан басталуы керек.

Жыл сайынғы «Үлгілі елді мекен» байқауы шеңберінде кейінгі екі жылда үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталыпты. Бұдан бөлек, коммуналдық, абаттандыру мекемелеріне 142 арнайы техника сатып алынып, ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Тұрғындарды экологиялық көлік қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 100 жаңа электрмобиль алынып, оларға электр қуатын беретін 16 бекет салынды.

Ортақ істен қалыс қалып жат­қандар жоқтың қасы. Әр сен­біде тазалыққа жұмылған жұрт көше тазалап, басқаларға үлгі болып жүр. Қала мен кенттерде қарапайым тұрғындар ара­сынан ортақ іске үлес қос­қандардың көбейгені Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясының ел арасында қолдау тапқанын көрсетеді.  

Қоғамдық тәртіпті бақылауда да айналасын ластаушылармен күрес күшейе түсті. Жергілікті әкімдік бастамасымен облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттері дрон көмегімен оқыс оқиғаларды, төтенше жағ­дайларды мониторингілеу ар­қылы талдау жұмыстарын жаңа деңгейде жүргізуді қолға алды. Осы бағыттағы үшжақты меморандум өңірдің табиғи, мәдени байлығын сақтауда халықтың мәдени деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Одан бөлек әкімдіктер жанындағы мобильді топ өкілдері де қала мен кенттер тазалығына байланысты рейдтер ұйымдастырып келеді.

Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақтар құру­дың 2021–2025 жылдарға арнал­ған өңіраралық жоспары бойынша 2021–2024 жылдары 718,1 мың жерсіндірілген көшет отырғызылды. Биыл көктемде­­ олардың қатарына 240 мың көшет қосылды.

Өңірдегі тазалық шараларына 138 мыңнан аса тұрғын қатысып, елді мекендердегі 428 сквер мен саябақ, 186 тарихи-мәдени ескерткіш, 863 әлеуметтік нысан, көшелер бойы тазартылды. Өзендер, көлдер, жасанды су айдындары, субұрқақтар мен арықтарды тазалағандардың да еңбегі бір төбе.

 

ҚЫЗЫЛОРДА