Құрылыс • Кеше

Құрылыста іркіліс жоқ

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері еліміздің құрылыс саласында мол қарқын байқалады. Салада орындалған жұмыстардың жалпы көлемі 2 трлн 1 млрд теңгені құрап, былтырдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15,4%-ға асты. Мұндай өсім жеке сектордың белсенділігі, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар және тұрғын үйге деген тұрақты сұраныстың нәтижесінде мүмкін болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құрылыста іркіліс жоқ

Елдегі құрылыс жұмыстарының негізгі үлесі, яғни барлық жұмыстардың 91,2%-ы – жеке құрылыс мекемелерінің есебінде. Жұмыс қарқынына қарай инженерлік құрылыстарды салу мен жөндеу көлемі 20,7%-ға, тұрғын емес үй-жайларды салу – 11,6%-ға артқан. Жалпы көлемде ең үлкен үлес тұрғын емес ғимараттарға (25%), көлік инфрақұрылымы нысандарына (19,7%), сондай-ақ тұрғын үйлерге (13,3%) тиесілі.

Маңғыстау облысында 1,96 есе өсім (елдегі ең жоғары көрсеткіш), Қызылорда облысында +64,5%, Түркістан облысында +46,6%, Астана қаласында +51,8%, Ақмола облысында +39,8%, Павлодар облысында +37,4%, Алматы қаласында +24% құрылыс жұмыстары көлемінің өскені байқалды. Мұндай динамика тек ірі қалалардың ғана емес, сонымен қатар аймақтардың да белсенділігін көрсетеді.

ҰСБ дерегінше, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында елімізде 6,02 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға артық. Осы көлемнің 3,85 млн шаршы метр көппәтерлі үйлерге тиесілі, 2,13 млн шаршы метр – жеке тұрғын үйлердің еншісінде. Тұрғын үйдің жалпы көлемінің 94,1%-ын жеке құрылыс салушылар пайдалануға берді. Яғни құрылысқа азаматтар мен шағын бизнестің қатысуы жоғары деңгейде.

Тұрғын үй және өнеркәсіптік нысандармен қатар пайдалануға берілген әлеуметтік инфрақұрылым ғимараттарының да саны артты. Биылдың алғашқы бес айында 99 379 оқушыға арналған 85 жалпы білім беретін мектеп, 2 134 орынға арналған 12 балабақша, бір ауысымда 665 адам қабылдайтын 21 амбулаториялық-емханалық ұйым бой көтерді. Бұл әсіресе халықтың демографиялық өсуі мен урбандалу жағдайында қолжетімді білім беру және медициналық мекемелерге деген қажеттілік артқан кезде өте маңызды. Сонымен қатар көлік объектілерінің – автомобиль және теміржол, метро құрылысы жалғасты. Ел ішіндегі логистика мен ұтқырлықты жақсартуға жүйелі инвестициялар тартудың арқасында олар құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде шамамен 20%-дық үлесті қамтыды.

Инженерлік инфрақұрылым объектілерін қайта құру және күрделі жөндеу ауқымы да айтарлықтай ұлғайды. Осылайша, құрылыс саласындағы жалпы көрініс жылжымайтын мүлікке инвестицияларға деген сенімнің жоғары деңгейінде үдемелі дамуды айғақтайды. Аймақтық бағдарламалар көптеген салаларда алға жылжуды ынталандырады. Коммерциялық ғимараттармен қатар әлеуметтік маңызды нысандардың көптеп енгізілуі – елдегі экономикалық белсенділіктің жақсы көрсеткіші. Бұл жұмыспен қамту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты маңызды міндеттердің шешілуіне мұрындық болады.