
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бұл сайыс осымен қатарынан 22 жыл өтіп отыр. Қазақтың дарынды балаларын анықтау және әлеуметтік-құқықтық қорғау, тілді, әдебиетті, тарихты үйренуге ынталандыру, қазақ халқының мәдениетіне қызығушылықты арттыру мақсатын көздейтін іс-шараға Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген 40-тан астам оқушы жиналды.
Зияткерлік сайыстың негізін қалаушылардың бірі – ардагер журналист Сүлеймен Мәмет 1996 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік қазақтарды қолдау мақсатында арнайы шешім қабылданғанын еске салды. Ол кезде көптеген қандасымыз тарихи Отанына оралуға мүмкіндік ала бастаған.
– Бұл олимпиада – шетелде тұратын отандастарымызға рухани көпір бола білген мәдени-ағартушылық бастама. 22 жыл ішінде ғылым докторлары, мұғалімдер, дипломаттардың бірнеше ұрпағы өсіп-жетілді. Олар халықтар достығына қызмет етіп жүр. Жыл сайын балалардың білім деңгейі мен ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілігі мені тәнті етеді. Биыл қатысушылардың бірі әжесінің сәлемін жеткізіп, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындады. Эссе жазу кезінде жастар ең алдымен ата жұрты – Қазақстанға деген махаббатын білдірді, – дейді Сүлеймен Мәмет.
Жас шамалары 14 пен 18 жас аралығын қамтыған өрендер олимпиаданың бірнеше кезеңін өткерді. Оның алғашқысында эссе жазса, одан кейін «Тарихи таным» тақырыбындағы зерттеу жобаларын қорғап, «Ұлтымды сүйемін» тақырыбында көркем таныстырылым әзірледі. Соңғысы музыкалық, поэтикалық немесе театрландырылған қойылым түрінде ұсынылды
Қырғыз елінен келген Аружан Абуләзиз қазақ және қырғыз тілдерінің ұқсастығына қарамастан, ана тіліне деген қызығушылығы бәсеңдемейтінін айтты.
– Эссе кезеңінде маған «Сүйікті қалам» тақырыбы түсті. Мен Бішкек пен Алматы туралы жаздым. Бұл шаһарлар жаныма жақын. Қазақ тілін үйде ғана үйренемін, отбасымыз түгелдей ана тілімізде сөйлейді. Анам, әкем және әжем көп көмектеседі. Павлодарға алғаш келдім. Ертіс өзенінде қайықпен серуендеп, жағалауды аралап, Достық үйіне бардық, – дейді ол.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталарымен марапатталды. Ең үздік қатысушылар Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің білім беру гранттарына ие болды. Сонымен қатар облыс әкімі атынан барлық қатысушыға домбыралар табысталды.
«Ертіс Дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Азамат Шаймұрат олимпиада мақсаты – жер бетінде тарыдай шашырап кеткен қазақ балаларының басын қосып, ана тілдерін меңгерту екенін айтады.
– «Дарын» республикалық орталығы өкілдерінің айтуынша, бұл олимпиада тарихында балалардың естерінде қалатындай ерекше сыйлық жасаған Павлодар өңірі. Облыс әкімінің атынан барлық қатысушыға домбыра сыйға берілді. Балаларға Ертіс үстінде теплоходпен саяхат ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Алмас қылыш» фильмін көрсеттік. Осымен аталған олимпиада Ертіс-Баян өңірінде екінші рет табысты өтті, – дейді ол.
Павлодар облысы