
«АЭС пайдалану үшін шамамен 2 000 адам, оның ішінде ядролық мамандық бойынша 400 адам қажет. Ал қалғандары — бізде жұмыс істеп тұрған көмір және газ электр стансаларында еңбек ететін бейінді-техникалық мамандар. Ядролық мамандықтар бойынша қызметкерлерді дайындауға келер болсақ, қазіргі уақытта физикамен, энергетика және электртехникасымен байланысты 18 білім бағдарламасы бойынша білікті кадрларды дайындау қарқынды жүргізіліп жатыр», деді Техникалық университет басшылығы.
Университет таратқан мәліметке сүйенсек, отандық Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, сонымен қатар ядролық технология маманданған шетелдік жетекші ЖОО-ларда мамандар даярлау қолға алынған. Ядролық мамандықтар бойынша білім гранттар санын арттыру қажеттілікке қарай жүзеге асырылады. Сонымен қатар білім алып жатқан жас мамандар жұмыс істеп тұрған АЭС-терде тәжірибе жинақтап, тағлымдамадан өтеді.