"Жерұйық" саябағындағы Күйшілер аллеясына тұрғызылған бұл мәрмәр тасқа 110 жырау мен жыршының аты-жөні қашалған. Бұған дейін мұндай монумент күйші-композиторлерге қойылыпты. Онда халқымыздың ұлы сазгерлерінің есімі жазылған.
Жыраулар мен жыршылар есімі қашалған ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ералы Тоғжанов азаттықтың қадірі мен Астана күнінің маңызына тоқтала келе, Домбыра күнінде ашылып жатқан ескерткіш тасты тарихқа тағзым ретінде бағалады. "Азаттық алып, астаналы ел болмағанда мұндай игілікке жете алар ма едік? Домбыра мен қазақтың Қазақстаннан басқа жанашыры жоқ жер бетінде" деген ойды арқау етті Премьер-министр орынбасары.
Салтанатты шарада аталған игіліктің ашылуына мұрындық болған "Күй анасы" қоғамдық қорының басшысы Төлеген Қуанышев, Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов сөз сөйлеп, атсалысқан өнерпаздарға алғыс хат пен сый-сияпат жасады. Белгілі жыршылар Амандық Көмеков, Алмас Алматов, тағы басқа күйші, өнерпаздар өнер көрсетті.