Денсаулық • Бүгін, 12:58

Алматылық дәрігерлер бірге инфаркт алған ерлі-зайыптыларды құтқарып қалды

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының тұрғындары Қалибек пен Бақтыгүл 45 жылдан бері бірге қол ұстасып, ел қатарлы еңбек етіп, бала өсіріп, немере сүйіп отырған жандар еді. Тағдыры да, жүрек лүпілі де қатар соғып тұрғандай жолдасы ауыр инфарктпен ауруханаға түскенде, Бақтыгүлдің жүрегі де сыр беріп, бірнеше күннен кейін ол да ауруханадан бір-ақ шығады, деп жазады Egemen.kz.

Алматылық дәрігерлер бірге инфаркт алған ерлі-зайыптыларды құтқарып қалды

Осылайшв №4 қалалық клиникалық ауруханаға ерлі-зайыпты жұп жедел түрде, бірінің артынан бірі түсті. Екеуіне де «жіті миокард инфаркті» диагнозы қойылды. Алдымен 67 жастағы Қалибек Апуов маусымның 20-сында өте ауыр жағдайда жеткізіледі. Жүрек тұсы қатты ауырып,, ентігу мен жалпы әлсіздік сияқты белгілер білінеді. Осыдан кейін үш күннен соң, жолдасының өмірі үшін қатты уайымдап, күйзеліске түскен 66 жастағы жұбайы Бақтыгүл Кенжахметова да дәл сол ауруханаға жатқызылады.

- Миокард инфаркті - әр секунд маңызды шұғыл жағдай. Науқас неғұрлым ерте білікті медициналық көмек алса, жүрек бұлшықетін сақтап қалу мен асқынудың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақ. «Алтын уақыт» - алғашқы бірнеше сағат. Біздің пациенттеріміздің жағдайында ем уақтылы басталып, бұл - оң нәтижеге бастады, - дейді №4 аурухананың кардиореанимация бөлімшесінің реаниматолог дәрігері Самат Тасболат.

Екі науқасқа да шұғыл түрде диагностикалық коронарография мен стенттеу жасалды. Бұл зақымданған артериялардағы қан айналымын қалпына келтіріп, инфарктың қауіпті салдарын болдырмауға мүмкіндік берді.

- Жолдасымның жағдайы өте ауыр болды, қатты қорықтым. Күндіз-түні уайымдап жүріп, өзім де ауырып қалдым. Екеуміз де жүрек тамырларына ота жасаттық, қазір өзімізді әлдеқайда жақсы сезініп отырмыз. Бүгін бірге үйге шығамыз. Ешкімді ауруханада жалғыз қалдырмайды екен. Дәрігерлерге бізді құтқарып қалғаны үшін, қамқорлығы мен ықыласы үшін шын жүректен алғыс айтамыз, - деп алғысын білдірді Бақтыгүл Кенжахметова.

Миокард инфаркті - жүрекке қан жеткізіп тұрған артерияның кенеттен бітелуінен болады. Бұл көбіне атеросклероздық түйіншек пен тромбтың түзілуіне байланысты. Уақтылы медициналық көмексіз жүрек бұлшықетінің қайтымсыз зақымдануы немесе өлім орын алуы мүмкін.

Алматылық ерлі-зайыптыларлың басынан өткен жағдай - кәсіби шұғыл көмек пен адами жанашырлықтың қаншалықты маңызды екенін көрсететін тамаша мысал. Сонымен №4 қалалық клиникалық аурухананың айтулы мамандары тек екі жүректі ғана емес, толық бір отбасын аман алып қалды.