
Палата спикері дипломатты елші болып тағайындалуымен құттықтай келе, Жапония Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бүгінде екі ел арасында барлық деңгейде тығыз саяси қарым-қатынас орнады. Экономикалық өзара іс-қимыл да белсенді дамып, уақыт өткен сайын мәдени-гуманитарлық байланыстар нығайып келеді.
Сондай-ақ М.Әшімбаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы Қазақстан-Жапония серіктестігін жандандыруға елеулі үлес қосқанына назар аударды және екі елдің парламентаралық ынтымақтастығын одан әрі арттыра түсудің маңызды екенін тілге тиек етті.
«Біз Жапониямен дәстүрлі достық қарым-қатынасымызды әрдайым жоғары бағалаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Жапонияның арасы алыс болғанымен, достығымыз берік. Дипломатиялық байланыс орнағалы бері елдеріміз арасындағы ынтымақтастық кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Біздің мемлекеттеріміздің жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ұстанымдары сәйкес келетінін айрықша атап өткен жөн. Парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға да үлкен көңіл бөліп отырмыз. Біз сіздердің елдеріңіздегі заң шығару қызметіне, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету саласына қатысты тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Алдағы уақытта жапониялық әріптестерімізбен осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», деп М.Әшімбаев «Орталық Азия + Жапония» диалогінің табысты қызметі жөнінде айтты.
Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, экология, сондай-ақ басқа да салалардағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ұлттық экономиканы декарбонизациялауды одан әрі ілгерілету және жасыл экономикаға көшу жөніндегі жобаларға ерекше мән берілді.
Кездесу барысында сұхбаттасушылар қазіргідей заманауи сын-қатерлер белең алған кезеңде рухани дипломатияны дәріптеудің маңызына қатысты да пікір алмасты. Бұл ретте Сенат төрағасы биылғы қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысына және осы бағыттағы басқа да іс-шараларға тоқталды.
Өз кезегінде Я.Ииджима Қазақстанның Жапониямен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және маңызды бастамаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.