Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:03

Жоғарғы соттың жарты жылдағы жұмысы

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Жоғарғы сот органының кеңейтілген отырысын өткізіп, 2025 жылдың бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылады. Іс-шараға Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен Жоғары сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов қатысты.

Жоғарғы соттың  жарты жылдағы жұмысы

Кеңейтілген отырыс басында Жоғарғы сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина, Аслан Түкиев және Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировтер баяндама жасап, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев жаңадан құрылған кассациялық соттардың атқаратын міндеттеріне қатысты ой-пікірін ортаға салды. Сондай-ақ төраға азаматтық сот істерін жүргізудің сапасы жақсарғанын, қаралған істер санының тұрақты өсуі байқалғанын атап өтті. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша тараптарды медиациялық жолмен татуластыру рәсімдері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41,6 пайыздан 46,9 пайызға өскен. Яғни 113 мыңнан аса медиациялық талап қоюлар мен істердің (107 мың) тең жартысы баламалы әдістермен шешілген. Бірінші сатыдағы соттардың жұмысы да оң нәтиже көрсетіп, апелляциялық тәртіпте қаралған шешімдердің саны 2,5% пайызға (14 791-ден 14 421-ге дейін) азайған.

Іс-шара аясында кассациялық тәртіппен күші жойылған және өзгертілген сот актілерінің саны шамамен үштен бірге, яғни 263-тен 185-ке қысқарғаны, жалпы алғанда, азаматтық істер бойынша түзетілген сот актілерінің үлесі 1,7 пайыздан 1,4 пайызға төмендегені мәлім болды. Бұл – республика бойынша біркелкі практиканы сақтаудың жақсы белгісі.

Бірінші жартыжылдықта қылмыстық сот ісін жүргізу саласында да оң өзгерістер байқалған. Мәселен, қылмыстық сот ісін жүргізу барысында ақталғандардың саны 49%-ға (90-нан 134-ке), ал жеке айыптау істерін есепке алмағанда – 128%-ға, яғни екі еседен астамға (26-дан 58-ге) өсті. Ақтау үкімдерінің бұлайша көбеюі соттар жұмысындағы айыптау жағының азайғанын көрсетеді. Сонымен қатар тергеу органдарының қамауда ұстауға санкция беру туралы өтініш хаттарын қанағаттандыру көрсеткіші төмендеген. 2024 жылы соттар санкция беруге қатысты өтініштердің 76,6%-ын қолдаған. Ал биыл – бұл көрсеткіш 63,5%-ға дейін төмендеді. А.Мерғалиев бұл нәтижелерді тергеу соттары құрылған 2018 жылдан бергі кезеңдегі рекордтық көрсеткіш екенін айтып, судьялардың тәуелсіздігінің арқасында осындай оң өзгерістер болып жатқанына тоқталды.

Сондай-ақ соттар қамауға алудың баламалы шараларын таңдауда да оң нәтижелерге жетіп отыр. Мәселен, осы жартыжылдықта тергеу органдары 304 азаматты үйқамаққа алса, соттар болса органдардан 6 есеге артық, яғни 1 842 азаматты үйде ұстауға шешім шығарған.

Жоғарғы сот төрағасы Жоғарғы соттың ШМБ және ЖА туралы өтініш хаттарды қарауға арналған цифрлық өнімдерді енгізу туралы бастамасын жариялап: «Біз сотталғанның цифрлық файлының сақталуын қамтамасыз ететін цифрлық платформаның жұмыс істеу алгоритмін ұсындық, ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату және ЖА туралы өтініш хатты электронды түрде беруді, роботтың көмегімен сот практикасын талдау­ды, оны сотта онлайн қарауды қамтамасыз етеді. Бастама қолдау тапты, өйткені оны іске асыру қарау мерзімін қысқартады және ең бастысы, сот шешімдерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді», деді.

Кеңейтілген отырыста мүліктік даулар, мемлекеттік сатып алулар, сәулет және қала құрылысы бойынша шағымдар көбейгені айтылды. Талап қоюлар бойынша (жеке сот орындаушыларының талап қоюларын қоспағанда), азаматтар мен бизнестің пайдасына қабылданған шешімдердің 57,8%-ы, орталық мемлекеттік органдарға қойылған талап қоюлардың 49%-ы қанағаттандырылды, жергілікті атқарушы органдарға қатысты бұл көрсеткіш 66%-ды құрады.

Ең көп қанағаттандырылған талап қоюлар жер (73%), тұрғын үй (72%), салық (57%) дау­лары және қоршаған ортаны қорғау (57%) мәселелеріне қатысты болды. Апелляцияда сот актілеріне түзетулер 3%-ға, кассацияда 2%-ға азайды. Кәсіпкерлерден түскен 4 мың талап қоюдың жартысы сот арқылы бизнестің пайдасына шешілді. Кассациялық саты жергілікті соттар қабылдамаған шешімдердің 33%-ын (185-тің 61-і) түзетті.

Жоғары сот органының басшысы атап өткендей, Жоғарғы сот биыл көптеген жүйелі жұмыс атқарды, соның арқасында мем­лекеттік органдардың назары инвес­тициялық дауларды соттан тыс реттеуге ауысты. Нәтижесінде, Астананың МАӘС-ке түскен инвесторлық талап қоюлардың саны екі есеге жуық қысқарды (92-ден 54-ке дейін); кассациялық сатыда сот 4 іс бойынша тараптарды татуластырды.

Жоғарғы сот төрағасы 2025 жылдың басынан бері жаңадан құрылған касса­циялық соттардың материалдық-ұйым­дас­тырушылық жұмыс істеуін қамтамасыз ету, республика бойынша сот ғимараттарын салу және жөндеу, цифрландыруды дамыту бойынша қабылданған шараларды атап өтті.

Сөзінің соңында А.Мерғалиев сот жүйесіндегі жүйелі реформалардың оң үрдісіне, құқықтарды қорғаудағы сот билігінің шешуші рөліне тоқталды. Мемлекет басшысының соттарға деген сенімді арттыру, істерді ашық, объективті және әділ қарау жөніндегі тапсырмаларын орындау керектігіне баса назар аударды.