Үкімет • Бүгін, 16:50

AITU ұлттық мессенджеріне көшу мерзімі бекітілді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметте өткен жиында күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады, деп жазады Egemen.kz.

AITU ұлттық мессенджеріне көшу мерзімі бекітілді

Фото: primeminister.kz

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары негізінде 224 ақпараттық құрамдас алаң құрылады. Бұл интеграция үшін еңбек шығындарын азайтуға, функционалдық және статистикалық айырмашылықтар тұрғысынан ақпараттық жүйелердің қайталану мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда «электрондық үкімет» аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 355-тен астам ақпараттық жүйелері мен веб-ресурстары жұмыс істейді.

Жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу ережесі және оны жүзеге асыру жоспары бекітілді. Құжат ЖИ технологияларын дамыту үшін деректер қорын қалыптастыру мәселесін қарастырады. Бұл ережелер ақпаратты жинау, тексеру және құрылымдаудың бірыңғай стандарттарын қарастырады.

Smart Data Ukimet платформасында мемлекеттік дербестендірілмеген деректерді топтау бойынша жұмыс шеңберінде Smart Data Ukimet-ке міндетті түрде көшіруге жататын деректер базаларының тізімі бекітілді.

Жиында AITU ұлттық мессенджерін кең ауқымда енгізу мәселесі қаралды. Оның пилоттық жұмысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде көрсетілді, енді аталған қызмет мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығына енгізіледі. Мессенджерге көшу мерзімі 15 қыркүйекке дейін бекітілді.

Премьер-министр қабылданған құжаттарды сапалы әрі уақтылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуы тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінгі таңда Цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақсартуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған», деді Олжас Бектенов.