
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Аумағы 7 мың шаршы метр болатын саябақта 170 көлікке арналған автотұрақ та салынған. Сондай-ақ осы кеңістік жанындағы №5 мектептің кіреберісі кеңейтіліп, балалардың кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалыпты. Әкімшілік тағы дәл осындай бірнеше демалыс аумағын ашуды жоспарлап отыр.
– Бұл жерде шамамен 40 мың адам тұрады. Аудан бойынша 450 тұрғын үй болса, соның басым бөлігі осы орталықта орналасқан. Ескі үйлермен қатар жаңа тұрғын үйлер де бой көтеріп келеді. Мұнда университеттер мен балабақшалар бар. Сондықтан бұл аумақтың жаңаруы – 40 мың тұрғынның қуанышы. Байқоңыр ауданы бойынша биыл осындай 8 қоғамдық кеңістік ашу жоспарланып отыр. Бұған қоса, 88 аула абаттандырылады. Оның ішінде 18-і жаңадан салынатын аулалар, ал қалған 70 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында өткен бұл іс-шарада республикалық «Күй Анасы» қоғамдық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев пен «Есіл» университетінің ректоры, профессор Аяпберген Таубаев арнайы дайындалған домбыраларды елорда жастарына табыстады.
– Бұл – біздің қоғамдық қорымыздың жақсы дәстүрі. Әрбір тағылымды жиында ұлттық аспапты насихаттап, жас ұрпаққа домбыра сыйлаймыз. Мәселен, бүгін осы аумақты абаттандыруға атсалысқан жұмысшының баласына 243-домбырамызды тарту еттік. Осыдан алты ай бұрын бұл жер бос жатқан аумақ еді. Қоғамдық жұмыс жүргізген кезімізде жергілікті тұрғындар осы маңайды абаттандырып, зейнеткерлер мен көп балалы ата-аналар демалатын орынға айналдыру туралы ұсыныс айтты. Біз бұл ойды қолдап, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаға хат жолдадық. Ол бастаманы қабыл алып, Байқоңыр ауданы әкімдігіне тиісті тапсырма берді. Мінекей, екі айдың ішінде бұл аумақ көрікті саябаққа айналды, – дейді Төлеген Қуанышев.