Спорт • Кеше

Валерий Жұмаділов: «Тарихи отаным – Қазақстанның атынан жарысқа қатысамын»

120 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

6–8 шілде күндері Алматы қаласында жеңіл атлетикадан ALATAU 2025 халықаралық турнирі өтеді. Бұл Орталық Азия кеңістігіндегі Masters (35+) және әуесқойлар (18–34 жас) санатындағы спортшыларға арналған алғашқы ірі жарыс болмақ. Әртүрлі елдерден, жастан, ұлттан жиналған жүздеген спортшы үшін бұл нағыз спорт мерекесіне айналмақ. Осы турнирге қатысатын ең шабыттандырарлық тұлғалардың бірі 64 жастағы Валерий Жұмаділов. Ол жүгірумен 50 жасында ғана айналыса бастаған, ал бүгінде жеті елдің чемпионы, Еуропа вице-чемпионы және өзінің жас санатындағы әлемдегі ең мықты спринтерлердің бірі саналады.

Біз турнир қарсаңында Валерий Жұмаділовпен оның өмір жолы, отанға деген сүйіспеншілігі мен рухының мықтылығы туралы әңгімелестік. Бұл оқиға Қазақстан халқы Ассамблеясының құндылықтары - спорт, мәдениетке құрмет және адамдарды біріктіру идеясын шынайы өмірде қалай жүзеге асыруға болатынына жарқын дәлел.

Валерий Жұмаділов: «Тарихи отаным – Қазақстанның атынан жарысқа қатысамын»

– Валерий Еркешұлы, сіз Ресейде дүниеге келдіңіз, Украина мен Эстонияда өмір сүрдіңіз. Алайда бүгінде Қазақстан азаматысыз және осы елдің туы астында жарыстарға қатысасыз. Мұндай шешімге не себеп болды?

– Мен Ресейдің бір ауылында, Шығыс Қазақстаннан шыққан қазақ отбасында дүниеге келдім. Балалық шағымнан бастап түрлі тілдер мен мәдениеттер ортасында өстім. Кейін Украинада білім алып, әскери флотта қызмет еттім, ал Эстонияда тұрып жатқаныма қырық жылдан асты. Бірақ жүрегімде қазақы болмыспен байланыс ешқашан үзілген емес.

60 жасқа келгенде өз шешімімді шығардым. Енді мен өз тарихи отаным – Қазақстанның атынан жарысқа қатысамын деп түйдім. Бұл – саналы, жүректен шыққан және патриоттық шешім болды. Бұл мен үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының идеясына сай әрекет – өз тегіңе құрметпен қарау, басқа ұлт өкілдерімен өзара түсіністік пен сыйластықта өмір сүру.

спринтер

– Спорттағы жолыңыз қалай басталды?

– 50 жасымда, тек денсаулықты жақсарту мақсатында жүгіруді бастадым. Бірақ спортқа бірден ғашық болдым. Сол кезде-ақ жасқа қарамай даму мен жеңіске жетуге болатынын түсіндім. Қазір жеті елдің чемпионымын, Еуропа вице-чемпионымын және жас санатым бойынша әлемдік үздік ондыққа кіремін. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Өйткені бұл тек спорт емес, сонымен қатар адамдар арасындағы достықты нығайтатын әлеуметтік қозғалыс. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі идеяларының бірі.

спринтер

– Masters Athletics Kazakhstan федерациясының құрылуы туралы айтып беріңізші. Бәрі қалай басталып еді?

– 2021 жылы біз бар болғаны 12 адамнан бастадық. Қазір ұйымдастырып жатқан жарыстарымызға 300-400 адамға дейін қатысады. Бұл енді жай спорттық ұйым емес, нағыз қозғалысқа айналды. Бізге ардагер спортшылар да, жастар да келеді. Бастысы кез келген жаста бастап, жетістікке жетуге болатынын дәлелдеп жүрміз.

Бұл қозғалыс тек спорт туралы емес, бұл  адам рухы, жеңіске деген жігер, өмірді сүйе білу туралы. Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай бастамаларды қолдайтынына сенемін. Өйткені бұл – ұрпақтарды, аймақтарды, ұлттарды біріктіретін күш.

– ALATAU 2025 турниріне қатысу сіз үшін нені білдіреді?

– Бұл  мен үшін үлкен құрмет. Алматыда өтетін бұл турнир Орталық Азия үшін алғашқы әрі ең ауқымды дода болмақ. Мұнда кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да, түрлі ұлт пен елдің өкілдері жиналады. Еліміздің туын көтеріп, осы додада болу  мен үшін мақтаныш.

Айтпақшы, турнирдің серіктесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы арнайы «Этносаралық татулықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» атты марапат тағайындады. Бұл өте маңызды қадам. Өйткені спорт халықтар достығы мен өзара құрметтің ең күшті құралдарының бірі.

спринтер

– Соңғы сұрақ. Қазақстан халқына не айтқыңыз келеді?

– Баршаңызды ALATAU 2025 турниріне шақырамын! 6-8 шілде күндері Алматы қаласындағы Олимпиадалық даярлық орталығына келіп, спортшыларды қолдайық! Өйткені спорт – тек жарыс емес, ұлттар достығының  көпірі. Бұл бірлік пен болашаққа деген сенімнің манифесі. Расында бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының рухын нақты іспен көрсету алаңы.

-Әңгімеңізге, рахмет!