Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды екенін атап өткен болатын. Сол себепті, жоба сертификатын иемденген педагогтің мойнында ауыл мектебінің білім сапасын арттыру жүгі бар.
Думан Сәдірислам «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жобасының іріктеу кезеңінде Ұлытау облысының атынан бағын сынапты. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізіп отыр.
Думан Ғаниұлы жобаның іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, оқуға қабылданады. Жобаның алты кезеңінен, бес емтиханынан мүдірмей өткен ол білім саласындағы кадр резерві қатарына енеді. Былтыр салтанатты түрде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан сертификат алған.
Жобаның ерекшелігі сонда, кадр резервіне қабылданған педагог конкурссыз мектептегі басшылық лауазымына бірден тағайындалады. Думан Ғаниұлына кадр резервінің қатысушысы ретінде Ұлытау облысы, Ақмола облысы, Қарағанды облысының білім басқармаларынан ұсыныс түсіпті.
Сөйтіп, сәуір айында Қарағандыны таңдаған үміткер облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісованың келісімімен, Қарқаралы аудандық білім бөлімінің басшысы Абылай Жалеловтің қолдауымен Қарағайлы кентінің №16 мектебіне директор болып тағайындалды.
Үр жаңа директор Думан Ғаниұлының өмір жолы түрлі өңірмен өрілген. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Кеңес ауылында дүниеге келіп, Жезқазған қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектепте оқуды үздік тәмамдайды. Астана қаласындағы А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түседі. 2016 жылы оқуын сәтті аяқтап, дипломын қолына алған соң, Жезқазған қаласындағы қара шаңырақ №8 гимназиясына аға тәлімгер болып жұмысқа қабылданған. Содан кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметіне ауысып, балаларға сабақ береді. Жас мамандардың республикалық, облыстық, қалалық байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болады. «Үздік тіл маманы», «Үздік ұйым», «Қазақстан ұстазы» байқауларының жеңімпазы. Мұғалімдік еңбек еткен жылының қорытындысында мектептегі «Креативті ұстаз» аталымын жеңіп алған. Онымен қоса, оқушылары республикалық Мұқағали оқулары, Абай оқулары, Әбіш оқулары, Мағжан оқулары сияқты түрлі байқауда топ жарған.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсының Оқу сауаттылығы аталымында I орын, «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының қалалық, облыстық кезеңдерінің жүлдегері. Мектептегі телестудия кабинетінің жетекшісі ретінде оқушыларды журналистика мамандығына баулыған. Осындай жетістіктері бар Думаннан осал басшы шыға қоймас.
«Жобада алған білімімді ауылдық жерде шыңдап, тәжірибе жинағаным дұрыс шығар деген шешімге келдім. Қарағанды облысы білім басқармасының кадр бөлімі маманы Жаннат Амангелдіқызының көмегімен Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентін таңдадым. Қаладан ауылға көшіп келгендегі алғашқы әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қарқаралының көздің жауын алатын табиғаты, аспанмен таласқан таулары жазықта туып-өскен маған ұнады. Ауыл тұрғындарының, мектеп ұжымының құшақ жая қарсы алуы жүрекке жылу сыйлады. Ауыл әкімі Мұратбек Зекенұлы ұжыммен таныстырып, ауылдың тыныс-тіршілігінен хабар беріп, қолдан келер көмегін аямайтынын айтты. Ауыл жұртының даладай дарқан көңілі бар күш-жігерімді аянбай қызмет етуге серпін береді», дейді Думан Ғаниұлы.
Жары Жансая Қайыржанқызымен жоғары оқу орнында танысқан. Ол да – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жары мектеп жанындағы «Балдырған» балабақшасына қазақ тілі маманы болып жұмысқа орналасыпты. Осылайша, ауылға қоныс аударған мұғалімдер отбасы үйінің қамына кірісіп жатыр.
Қарағанды облысы