Абай • Кеше

Абай тойына тігілген ақ боз үй

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Мақаншы ауданы облыс орталығы Семейге он алты қанатты киіз үй тарту етті, деп жазады Egemen.kz.

Абай тойына тігілген ақ боз үй

 

Сыйға тартылған киіз үй бір мезетте 150-ге жуық адамды қабылдай алады. Ұлттық нақышта безендірілуіне аудан кәсіпкерлері ұйытқы болып, қолдау көрсеткен екен. Кезінде Жүсіпбек Аймауытов жазған, Семейдегі талай тарихтың куәсі болған киелі орын Түйемойнақ аралында тігілген киіз үй қала тұрғындары мен қонақтарына есігі әр ашық. Мұнда келушілер серуендеп жүріп ұлттық тағамдардан дәм тата алады.

Киіз үйдің ашылуына облыс әкімі Берік Уәли және Мақаншы ауданының ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

«Абайдың тойына тартуды алғаш болып облысымыздың шеткі, шекарадағы ауданы Мақаншы өңірінің бастап жатқанының үлкен мағынасы бар деп ойлаймын. Бұл басқа аудандарға үлгі боларлық іс, игі бастама», деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі осыдан үш ай бұрын Мақаншы ауданына барған сапары аясында кезінде өнерімен елді тамсандырған «Інжу-Маржан» ансамблін қайта жандандыру қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде оған тиісті қаржы бөлініп, ансамбль өз жұмысын қайта жандандыра бастады. Оны айтып отырған себебіміз, аталған іс-шара аясында «Інжу-Маржан» ансамблі жиналғандарға өнері көрсетті.

Абай облысы