Әскер • Бүгін, 15:40

Абай облысы «Айбын» тарихында жаңа рекорд орнатты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында өткен «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жарыста Абай облысының жас сарбаздары бірнеше жеңіске жетіп, бас жүлдені қанжығалап қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысы «Айбын»  тарихында жаңа рекорд орнатты

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған айтуылы іс-шараға Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Биыл Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстаннан келген 800-ге жуық жас бақ сынаған. Олар «Айбын дарыны» зияткерлік сайысы, «Smart Sarbaz» технологиялық жобалар байқауы, «Айбын жұлдызы» шығармашылық конкурсы, пневматикалық мылтықпен ату, автомат бөлшектеу және жинау, әскери-тактикалық ойындар мен спорттық жарыстар бойынша түрлі сайысқа түсті.

Бұл жиында Абай облысының сарбаздары ерекше көзге түсті. Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы Маяковский мектебінің 10-сынып оқушысы Ника Бритнер ұтқырлық танытып, «Үздік жас сарбаз» атанды. Үздік сарбаз пневматикалық винтовкамен дәл көздеуде, автомат бөлшектеу мен жинауда шашасына шаң жұқтырмай, шалқасынан жатып кеудені бір минутта 88 рет көтеріп, «Айбын»  тарихында жаңа рекорд орнатты. Ника әскери шеберлігі мен ептілігін танытып қоймай, «Айбын Жұлдызы» сахнасында өнер көрсетіп, шығармашылық қабілеті мен талантын да көпке паш етті. Абай елінің намысын қорғаған жас сарбаз жеңісін Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арнайтынын жеткізді. «Әлия – жауынгер рухтың символы. Менің әр жетістігім – сол рухтың жалғасы», дейді жеңімпаз.

Абай халқы үшін қуаныш мұнымен шектелген жоқ. Семей қаласы Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-интернатының командасы республикалық әскери мектептер арасында төртінші жыл қатарынан Гран-приді иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздік атанды. Ал «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленіп, «Smart Sarbaz» сайысында 1-орын, басқа да бірнеше бағытта жүлделі орынды еншіледі. Бұған қоса облыс намысын қорғаған «Жас барлаушы» командасы турникке тартылудан 2-орынды қанжығасына байлады.

Осылайша Абай жастарының жеңісіне сүйсініп, аймақта әскери-патриоттық тәрбиенің жоғары деңгейде беріліп жатқанына тағы бір көз жеткіздік.

Абай облысы