Мәдениет • Бүгін, 13:12

«Қазақконцерт» кезекті концерттік маусымын аяқтады

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 64-ші концерттік маусымын сәтті аяқтап, «Grand fest» музыкалық фестивалі аясында көрермен назарына концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақконцерт» кезекті  концерттік маусымын аяқтады

Биыл «Қазақконцерт» ұйымы 82 концерт, 3 ірі шығармашылық жоба және көптеген мемлекеттік маңызы бар іс-шараларды ұйымдастырған. Атап айтқанда «Роза Бағланова» атындағы халықаралық вокалдық конкурсы, «Серпер» ұлттық өнер конкурсы және «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, ұйымның әртістері Франция, Ұлыбритания, Италия, Канада, Түркия, Испания, Чехия, Болгария, Беларусь, Мажарстан, БАӘ,Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Түркіменстан, Грузия, Армения, Латвия және Әзербайжан секілді 22 шет мемлекетке гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерін әлем сахналарында паш етті. Оған қоса Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Алматы облысын қамтыған 17 республикалық гастрольдік сапар барысында еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық мәдениетті кеңінен дәріптеді.

Қазақконцерт әртістері мен шығармашылық ұжымдары «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Ерен еңбегі үшін», «Барыс» ордені сынды 12 мемлекеттік марапатқа ие болды. Бұған қоса «Қазақстан халқы ассамблеясына 30 жыл» төсбелгісімен, «Dala dauysy» және Америка, Ресей, Грузия мемлекетінде өткен 7 республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарды қанжығалады.

Қорытынды кеш Астанадағы Амфитеатрда өтті. Бұл кеште отандық эстрада жұлдыздары, танымал сахна шеберлері мен жас таланттар бас қосып, ашық аспан астында кең көлемді музыкалық шоу ұсынды.

Концерттік бағдарламада танымал композициялар, заманауи аранжировкалар, оркестрлік сүйемелдеу және ашық аспан астындағы мерекелік атмосфера ұсынылды. Ел есінде сақталған сүйікті әндер жаңаша әрленіп, жанды орындауда көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Сәлем саған, туған ел», «Жан досым», «Ақ дариға», «Қазақ елі», «Желсіз түнде жарық ай», «Ахау керім» сынды халық жүрегінен орын алған туындылар бар.

Іс-шараға «Қазақконцерттің» танымал солистері мен шығармашылық ұжымдары қатысты: Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүлеймен Ибрагимов, Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Гүлсім Мырзабекова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерлері Алтыншаш Мұқатаева, Анна Уварова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Перизат Тұрар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дария Бекпембет, Аяулым Қамажан, Дидар Абдухалык, Ақбөпе Әлібекова, Асылхан Шалқаров, Ербол Тәжібаев, Нұрсұлтан Ануарбек, Нұрсезім Саматқызы сондай-ақ, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі, «SAZ&SOUL» тобы және «Astana Musical» мемлекеттік театры.