Тарих • Кеше

Қазақтың қаһарман жігіті

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Egemen Qazaqstan газетінің (бұрынғы «Социалистік Қазақстан»)  1944 жылдың 14 қарашадағы №226 санында Зуфар Айтмағамбетов атты автордың «Қазақтың қаһарман жігіті» деген мақаласы жарияланыпты. Мақалада есімі белгісіз Қабыш Мусин атты батырдың ерлігі баяндалған. Біз бүгін сол мақаланың толық мәтінін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қазақтың қаһарман жігіті

 

Ұрыстың қызу кезеңі. Біздің бөлімшенің алға басуына жау бөгет жасай берді. Олар көл ортасындағы аралға бекініп алып, зеңбіректен біздің бөлімшеге оқ жаудырып тұр. Командование жаудың осы зеңбірек ұясының үнін өшіруге екі адам жіберді. Соның бірі қазақтың ержүрек ұлы Қабыш Мусин еді.

Тастай қараңғы түн. Көзге түртсе көрінбейді. Қабыш жолдасымен жер бауырлап, жаудың зеңбірек ұясына тақап келді де, граната лақтырды. Жау траншеясының күлі көкке ұшты. Ішінде отырған төрт немістің үшеуі өлді де, біреуі ауыр жараланды. Жаралы немісті тұтқынға алып, Қабыштар өз бөлімдеріне қайтып оралды.

 Командование жау тылындағы Н. селосына барып «тіл» әкелуге 15 жауынгерден құралған барлау отрядын жіберді. Мұның ішінде 8 адамнан құралған бір топты Мусин басқарды.

Жауынгерлер түн қараңғысын жамылып, немістер жасаған сым тор тосқауылдарын қиып, жау траншеясының қасына келді. Немістер жаңа ғана бекініс жатыр екен. Совет ерлері бірнеше граната лақтырып, неміс траншеясына басып кірді. Қолма-қол ұрыста олар бірнеше немісті жойып, бір фрицті қолға түсірді.

Жауынгерлер кейін қайтты. Қабыш тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен наградталды.

Қыстың сақылдаған аязды бір күні. Командование жаудан «тіл» әкелуге бір топ барлаушы жіберді. Бұлардың ішінде Қабыш та бар еді.

Бұлар жау әскерінің алдыңғы шебіне өтіп келе жатып немістің 4 танкіне кездесіп қалды. Бұл танктер ағаш арасында жасырынып жүреді екен. Совет жауынгерлері танктерді атқылай бастады. Мұны көріп, жау да оқты боратып қоя берді. Ұрыс қыза түсті. Жаудың екі танкі бөлініп бой тасалады. Ал, екі танк бұрынғысынша қарсыласуын тоқтатпай оқты бората берді. Нөсерлеп себіліп тұрған оққа қарамастан, Қабыш бір танкке жақындап келіп граната лақтырды. Көздегені мүлт кетпеді. Танктан бұрқ етіп жалын шықты да, тұрып қалды. Танк ішіндегі немісті Қабыш дереу жүгіріп барып сыртқа суырып алды. Қабыш бұл жолы да командование тапсырмасын үлгілі орындап шықты. Ол ерекше көрсетілген батырлығы, өжеттігі үшін ІІ дәрежелі Даңқ орденімен наградталды.

Қабыш қызмет істейтін бөлімшенің қарсысында немістердің азық-түлік жинайтын бөлімі орналасқан. Мұнда 12 гитлершінің бар екені мәлім болды. Бір топ жауынгер осыдан «тіл» әкелуге аттанды. Олардың қатарына Қабыш тағы қосылды. Бұл жауынгерлердің бәрі жау тылына өту үшін неміс әскерінің киімін киді. Бұлар Н. станциясының түбіне келіп, күннің кеш болуын күтіп жатты. Немістердің қару-жарақ, азық-түлік тиеген көліктері майданға қарай Қабыштар жатқан жердің жанындағы жолмен ағылып жатыр.

Сағат 7 болды. Ымырт жабылды. Жаудың жүк тиеген 90 ат-арбасы жолдан өте бастады. Мұның алдында немістің бір аға лейтенанты, бір фельдфебелі, бір кіші лейтенанты келеді. Олар салт атқа мінген. Қабыштар бәрін көріп жатыр. Олар жолдан 10-15 метр жерде қалың бұтаның арасында жақсылап орналасқан еді. Бірақ немістің аттары әлденені сезгендей осқырынып жүрмей тұрып алды. Неміс офицерлері екіленіп, «кім барсың, шық былай!» деп айғайлады. «Ә, сені сор күтіп тұр екен, сенің сыбағаң мынау болсын, – деп Қабыш неміс офицерін басып салды. Оқ мүлт кетпеді, неміс қалпақтай ұшты. Осы екі арада Қабыштың серіктері неміс фельдфебелін де жер құштырып үлгерген екен. Жаудың үшінші офицерін де жігіттер ә дегенше жайғастырды.

Басшыларынан айрылған неміс арбакештері не істеуге білмей естері шығып кетті. Жауынгерлер оларды қия бастырмай қырып салды. Аттан ұшып түскен неміс өлген жоқ, жаралы болған екен. Біздің жауынгерлер оны және жаудың ат-арбаларын, қолға түскен басқа да немістерді алып кейін қайтты. Осы жолы тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін қазақ халқының батыр ұлы «Батырлығы үшін» медалін наградқа алды. Бұдан басқа да ол талай-талай қиын-қыстау кезеңдерде маңызды тапсырмаларды үлгілі орындап отырды. Соңғы кезде көрсеткен ерлігі үшін командование Қабышты «Қызыл ту» орденімен наградтауға ұсынды. Қазақтың жас жігіті Қабыштың ерліктері, міне осындай. Мұның бәрін оның омырауындағы тізілген орден мен медальдердің өздері-ақ айқын баяндап тұрғандай.

Қабыш Мусин жолдас соғыстан бұрын Алматы қаласында 12 қазақ мектебінің 9 класын бітірді. Ол Отан соғысы басталғалы бері майданда. Мусин жақында туған елі Қазақстанға Н. атқыштар дивизиясының делегация мүшесі болып келді.