
Бұл туралы Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясында облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті және коммуналдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков баян етті
Аталған дерек «Облыста орман және жануарлар дүниесін күзетудi, қорғауды, молықтыруды қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы» мәселені зерделеу кезеңінде анықталған.
Бір қызығы, 2021 жылдың маусым-шілде айларында ғана ол 11 іссапар рәсімдеген. Осылайша, жол жүру шығындарының жиілігі мен мөлшері олардың негізділігіне күмән тудырған.
«Есептер жалған деген болжам бар, өйткені олардың іссапар орындарында нақты болуын растайтын құжаттар жоқ. Сонымен қатар, мекеме қызметкерлерінің арасында іссапарларды жалған рәсімдеу және алынған қаражатты кейіннен бөлу үшін сөз байласу қаупі бар», – деді тұрақты комиссия төрағасы өз баяндамасында.
Сонымен қатар талдау барысында Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне байланысты бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.
Ұйымдарға жоғары білікті мамандар мен жұмысшыларды тарту және ұстау мақсатында негізгі лауазымдық жалақыларына 50% мөлшерінде үстемеақы белгілеуге рұқсат етілген. Бекітілген ереженің шарттарына сәйкес, ұйымның қызметкері тәртіптік жазаға тартылған жағдайда, сыйлықақы төленбейді. Алайда, талдау нәтижесінде ұйым қызметкерлеріне белгіленген ережелерді бұза отырып, жалпы сомасы 532764,00 теңгені құрайтын сыйлықақыларды есептеу фактілері анықталған. Мәселен, 2021 жылы «Байзақ орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің басшылығы қолданыстағы тәртіптік жазаларға қарамастан, 11 қызметкерге жалпы сомасы 153 895,00 теңге көлемінде сыйақыны жөнсіз тағайындаған. Сол сияқты, Ақкөл, Ақыртөбе, Бурыл-Байтал, Сарысу, Қордай, Мойынқұм және Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің 32 қызметкеріне ақы төлеу бойынша 72 факті анықталған.