
Кейінгі онжылдықта интернет кеңістігіндегі әлеуметтік желілердің һәм азаматтық журналистиканың қарқынды дамуы газеттерге кәдімгідей бәсекелесе бастағаны баршаға мәлім. Әлемдік зерттеулер газет оқитын оқырманның орташа жасы 52+ жас екенін көрсеткен. Бүгінгі таңда әлем мемлекеттері саяси-экономикалық, мәдени-қоғамдық өмірдің айнасы саналатын басылымдардың тынысын қайта кеңейту жолында батыл қадамдар жасап жатыр.
Мәселен, Швеция елдегі 100-ге жуық газетке мемлекеттік субсидия береді. Бұл субсидия көлемі әлсіз басылымдардың жылдық табысының 15–20 пайыз көлемін құрайды. Норвегия газеттерге тікелей қолдау көрсетіп, салықтық жеңілдік жасау арқылы елдегі шағын газеттерді сақтап отыр. Люксембург жыл сайын кемі 5 журналист ұстайтын журналдар мен апталық газеттерге субсидия бөледі (жылына 7–8 млн еуро көлемінде). Сонымен қатар пошта тарифтерін төмендетіп, табыс салығына жеңілдік жасайды.
Канада газеттерді сақтап қалу үшін жылына 75 млн доллар қаржы жұмсап отыр. Ал АҚШ-тың Нью-Йорк штаты жергілікті баспасөзге арналған «Newspaper and Broadcast Media Jobs Program» аясында жыл сайын 30 млн доллар қаржы бөледі. Сонымен қатар «Local Journalism Sustainability Act» жобасы арқылы жергілікті газет жазылымдарына 250 долларға дейін мемлекет тарапынан салықтық несиелер қарастырылған. Вирджиния, Вашингтон, Иллинойс штаттарында журналистерге салықтың жеңілдік жасайтын және жарнамаға қолдау көрсететін платформалар бар.
Демек, әлем мемлекеттері түрлі тетіктер арқылы (субсидиялар, салық жеңілдіктері, гранттар, міндетті жарнама, бюджеттік бөлу, т.б) газет индустриясын қорғауды мақсат тұтып отыр. Себебі әлем үшін демократия мен ақпараттық әртүрлілікті сақтау маңызды стратегия саналады. Баспасөзді экономикалық қиындықтан қолдау мәселесінде біздің ақпарат саласында да соны ізденіс керек секілді. Заман ағымына сай жаңашыл басылым жасаудың жаңа концепциясын әлем қалай жасап отыр? Біздің елдегі азаматтық журналистика мен ресми журналистика бір-бірінің алдын орамай, екі күштің ағыны бір арнаға тоғысып, мемлекет идеологиясын дұрыс ырғақты жолмен қалыптастыру үшін не істемек керек?
Жалпы, ғаламдық газет индустриясының қазіргі ахуалы анау айтқандай жаман емес. Бүгінгі таңда әлемде 23 мыңнан аса газет шықса, оның жарнамалық табысы 86 млрд долларға жуықтайды екен. 2023 жылғы есеп бойынша, дүние жүзінде 420 млн оқырман газеттерге ақы төлеп жазылған. Мысалы, Жапонияның «Yomiuri Shimbun» басылымының күнделікті орташа таралымы 8,6 млн данадан асады. Бұл газет «Guinness World Records» ұйымының деректері бойынша әлемдегі ең көп таралымды күнделікті газет ретінде танылған. Ал Жапонияның «Asahi Shimbun» газеті күнделікті 5,9-6,6 млн данамен оқырман қолына тиеді. Үндістанда ағылшын тілінде жарық көретін «The Times of India» басылымының қағаз нұсқасын күнделікті 1,87 млн халық оқиды. Сондай-ақ АҚШ-тың «USA Today», «The Wall Street Journal», «The New York Times», «The Washington Post» сынды басылымдар таралым жөнінен ешкімге шағым айтпайды. Демек, жұмыр жер бетінде газет таралымы қанша кеміді дегенмен, оқырман азайған жоқ.
Десе де, газеттің болашағы туралы пікірталас ешқашан толастаған емес. Олардың бір тарапы «15-25 жылдан кейін әлем баспасөзді ұмытып, ақпаратты тек интернеттен тұтынады» деген пікірде. Радио пайда болғанда газеттердің өлетіні, медиа нарыққа теледидар келгенде радионың уақыты біткені туралы да әңгімелер айтылған. Әлем мұндай пікірталасқа назар аудармастан газеттерін шығарып, оқырманды көбейту үшін түрлі стратегиялар мен тактикаларды қолданып, өз аудиториясын кеңейту үстінде.
Демек, бізге де газеттердің бағытына өзгерту енгізіп, біз де басылымдарды жаңа идеялардың қазанына айналдыруымыз қажет.