
Ақмола облысындағы Бурабай өңірі – тек табиғаты көркем жер ғана емес, еліміздің ішкі туризміндегі ең маңызды аймақтардың бірі. 2024 жылдың жазынан бастап бұл өңірде экологиялық туризмді дамыту, мәдени мұраны дәріптеу және туристік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Маусым айында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде сегіз шолу алаңының құрылысы басталды. Аталған жоба экотуризмді өркендетіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да оң ықпал етпек.
Шолу алаңдары Бөлектау, Аютас, Максимка, Туфелька секілді көрікті жерлерде салынып жатыр. Жаңа алаңдарда демалуға арналған террассалар, фотозоналар мен арқанды саябақтар орнатылады. Әрбір нысанның жеке архитектуралық стилі болады.
«Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, танымал туристік орындардағы рекреациялық жүктеме 9 есеге дейін артып кеткен. Бұл – топырақтың табиғи қалпына келуіне кедергі келтіріп, деградация белгілерін тудырып отыр. Сондықтан жаңа баспалдақтар мен демалыс алаңдары туристерге жайлы жағдай жасаумен қатар, табиғаттың тозуына жол бермейді», дейді ұлттық парк директоры Сергей Быков.
Сонымен қатар, жоба аясында көлікке арналған 55 автотұрақ салынып, Щучье көлі мен Бурабай кентінде 35 «ақылды» бейнебақылау камералары орнатылады. Қолданыстағы жүйелер де жаңғыртылып, қауіпсіздік пен тәртіп сақтау күшейтіледі.
2024 жылдың тамызында Щучинск қаласында жаңа шолу алаңының құрылысы басталды. Ұлттық бренд – киіз үй пішінінде жасалған бұл құрылым темірбетон негізде бой көтеруде. Ұзындығы 21 метр, ені 3 метр, жалпы салмағы – 74 тонна. Шолу алаңының биіктігі – 14 метр, ал диаметрі – 9 метр.
Бұл нысан 273,70 метр биіктікте орналасып, Бурабай курорттық аймағына түсетін рекреациялық жүктемені азайтуға бағытталған. Киіз үй тәріздес алаң кешкі уақытта неон жарығымен жарықтандырылады.
Бурабайдан 12 шақырым жерде орналасқан «Aqmaral» марал шаруашылығы – экологиялық туризм мен дәстүрлі емдеу әдістерін біріктірген кешен. Жоба аясында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы халықтың денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрді танытуға ерекше көңіл бөлінген.
Кешендегі пантымен емдеу – марал мүйізінен алынатын дәрумендер мен биологиялық белсенді заттарға бай ванналар мен емдік процедураларды ұсынады. Бұл әдістер адамның иммунитетін нығайтуға және ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Ферма аумағында марал шаруашылығы орналасқан. Туристер жануарлардың тыныс-тіршілігімен жақын танысып, оларға күтім жасау процесін бақылап, панты жинаудың дәстүрлі әдістеріне қанық бола алады. Сонымен қатар, экскурсиялар мен этнографиялық бағдарлама аясында келушілерге киіз үйде демалу, ұлттық тағамдардан дәм тату және салт-дәстүрлермен танысу мүмкіндігі ұсынылады.
Ал Бурабайдағы 2024 жылдың шілдесінде толық қайта жөндеуден өткен Мультимедиялық интерактивті кешен (МИК) бүгінде Қазақстандағы ең технологиялық музейлердің біріне айналды. Анимациялық, дыбыстық және визуалды құралдарды кеңінен қолданатын кешен қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне жаңа қырынан танып-білуге мүмкіндік береді.
Кешендегі «Куб 360» залы — Қазақстандағы баламасы жоқ киноалаң. Онда 30 проектор арқылы көрермендерді оқиға желісінің ортасына енгізетін ерекше форматтағы фильмдер көрсетіледі. Мұндай тәсіл көрерменнің назарын толық аударып, тарихи деректерді әсерлі жеткізуді қамтамасыз етеді.
МИК-те сонымен қатар интерактивті көрмелер мен ойын технологиялары да кеңінен қолданылады. Балалар мен шетелдік қонақтар үшін арнайы әзірленген экспозициялар ұлттық музыкалық аспаптар, қазақ ою-өрнектері, жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы мәліметтерді жеңіл әрі қызықты түрде ұсынады.
Кешен күн сайын 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Билет құны ересектерге — 1500 теңгеден бастап, балаларға — 800 теңгеден басталады. Арнайы жеңілдіктер де қарастырылған.
Сонымен қатар, Бурабай мемлекеттік ұлттық паркі аумағында автокөліктерге арналған онлайн төлем жүйесі енгізілді. Демалушылар енді паркке кірген соң көлік нөмірі тіркеліп, QR-код немесе Kaspi.kz және Homebank қосымшалары арқылы төлем жасай алады. QR-кодтар парктың барлық 5 бақылау-өткізу пункттерінде, Абылай хан алаңында, Бөлектау, Көгілдір шығанақ, Оқжетпес пен «Ұлутас» маңындағы тұрақтарда орналасқан. Бұл – демалушылардың уақытын үнемдеп, қызмет сапасын арттыруға бағытталған бастама. Шлагбаум алдында көлік кептелісін тудырмас үшін банк қосымшалары арқылы алдын ала төлем жасаған жөн.
Бурабай өңіріндегі жаңа жобалар – тек демалыс орны емес, сонымен қатар тарихи, мәдени, экологиялық бағыттағы кешенді туризмнің жарқын үлгісі. «Aqmaral» марал шаруашылығы мен жаңартылған МИК жобалары ұлттық болмысты таныту, саламатты өмір салтын насихаттау және ел ішіндегі туризмді дамыту мақсатындағы маңызды бастамалар санатында. Жаз шыға Бурабайға ағылатын туристер үшін «Drive fest», «Burabay summer fest» сынды көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, демалыс маусымының қызықты өтуіне ықпал етеді.
Камила ТАЙТӨЛЕУ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті.